Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділет жолы. Мәжіліс төрағасы саясат сахнасында жасалғалы тұрған жаңа қадамдарды осылай атады. Мемлекет басшысы атауын Құрылтай деп өзгертуге ұсыныс берген Мәжіліс V Ұлттық құрылтайдан кейінгі алғашқы пленарлық отырысын өткізді. Әлі де ескі атауымен жұмыс істеп тұрған төменгі палатада Парламенттік реформалар тақырыбы талқыланды.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов екі палаталы Парламенттен бас тартып, бір палаталы жүйеге көшу шешімін уақтылы деп атады. Ал жаңа Парламентке «Құрылтай» атауын беру оның мәні мен қоғам алдындағы міндетіне сай келетінін айтты. Спикердің айтуынша, төменгі палатадағы әр партияның саяси ұстанымы мен көзқарасы Президенттің позициясымен үндес. Қошанов алдағы жаңашылдықтарды «Президент Тоқаевтың әділет жолы» деп атады.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ:
— Бір палаталы Парламент құру – ел болашағы үшін тағдыршешті, өте қажет шешім. Ол – саяси жауапкершілікті нақтылау, партиялардың институционалдық рөлін күшейту, заң шығару процесін кәсібилендіру деген сөз. Мемлекет басшысы айтқандай, біздің мақсатымыз – мүлдем жаңа сипаттағы ықпалды заң шығарушы орган құру.
«Ал вице-президент лауазымы билікті бөлу емес, мемлекеттік басқару жүйесін қазіргі заманға бейімдеу үшін керек», — деді Мәжіліс спикері. Депутат Абзал Құспан бұл лауазым халықтың көкейінде жүрген көптеген сұрақтың жауабын береді деп түсінген.
АБЗАЛ ҚҰСПАН, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бұл бір жағынан Президенттің орнын кім алмастырады, келесі президент кім болады деген сұраққа тосқауыл қоятындай емеурін, ишара деп түсінемін. Заң қабылданбай тұрып, әзірге бірнәрсе айтуға қиын. Әлі механизмі анық емес. Бірақ қалай болған жағдайда да елдің тұрақтылығына әсер ететін фактор болуы мүмкін.
ЕРБОЛАТ САУРЫҚОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Вице-президент лауазымын енгізу мәселесі алдағы уақытта шешіледі. Ол үшін әлі біраз заңға өзгеріс жасау керек. Ол лауазым мемлекетті басқаруға дайын отыратын кадрлық резерв деп түсіну керек. Қайткен күнде де ертеңгікүні Президенттің орнын басатын, болмаса Прездиент алыс-жақын іс-сапарларда жүргенде жарлықтарға қол қоятын лауазымды тұлға болуы керек.
Бір палаталы Парламентте 145 депутат болады. Олардың құзыреті күшейеді. Аудиторлық палата, конституциялық сот пен Орталық сайлау комиссиясының басшылары, сондай-ақ, Жоғарғы соттың барлық судьясы тек депутаттардың келісімімен тағайындалады. Мәжілістің Құрылтай деп өзгеруіне қатысты депутаттардың пікірін де сұрадық.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бұл – Президенттің идеясы, ұсынысы. Ол нормативтік сипатқа ие емес. Бірақ біз Парламенттік рефораның іске асырылуын қолдаймыз. Ең бастысы, осымен Парламенттің сапасы артуы тиіс.
Енді депутаттар Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты жұмысқа кірісуі керек. Жаңа Парламентте төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек екенін Президент айтқан болатын.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.