Еліміздегі инженерлік-саперлік бригада жауынгерлерінің қарым-қабілеті қандай? Біз арна тілшілері Қонаев гарнизонындағы әскери бөлімге барып, минадан тазалау орталығының қызметімен танысты. Әскерилердің жауды жаңылдыру үшін қолданатын қару-жарақтарын көзімен көрді.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдымен инженерлік-саперлік бригаданың әскери техникасымен танысты. Онда жауды жаңылдыру мақсатында қолданылатын үрлемелі техникалар мен түрлі қару-жарақтар қойылған. Ал Германияда өндірілген мына «Теодор» робот-құрылғысы қашықтан басқарылады. Жарылғыш заттарды залалсыздандыруға арналған бұл әскери техника жауынгерлердің басын қауіп-қатерге тікпеу мақсатында қолданылады. Қазақстанның инженерлік әскерлері осы уақытқа дейін шетелдерде ұйымдастырылған түрлі оқу-жаттығуларға тұрақты қатысып келді. Олар «Қазбат» бітімгершілік батальонының құрамында жүріп те бірқатар миссияларды асқан жауапкершілікпен атқарды.
ҚАНАТ ТӘҢІРБЕРГЕНОВ, ИНЖЕНЕРЛІК-САПЕРЛІК БРИГАДА КОМАНДИРІ:
— Бейбітшілік тапсырмасын орындау барысында бірінші саперлік батальон құрылып, 2003 жылдары Ирак мелекетінде өз тапсырмаларын орындап келді. Қазіргі таңда осы әскери бөлімнің көптеген сержанты мен офицері Ливан мемлекетінде минасыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бригада көп іс-шараға қатысты десек болады.
Ал сержант Талғат Айдаров 2023 жылы БҰҰ миссиясымен Сирия мемлекетіне барып қайтты. Онда бір жылдай болып, Голан биіктігіндегі жарылмаған жарылғыш заттарды жоюмен айналысқан.
ТАЛҒАТ АЙДАРОВ, СЕРЖАНТ:
— Бір жылдың ішінде бір тоннадан аса минаны залалсыздандырдық және 513 жарылғыш заттың көзін жойдық. Қазіргі таңда 58012 әскери бөлімінде сол жақтан алған тәжірибемізді жас сарбаздарымызға үйретіп, қызметімізді атқарып жүрміз.
Баспасөз туры барысында миналау және жарылғыш заттарды залалсыздандыру, сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттарынан қорғанып, оларға қарсы шабуылға шығуға арналған әдіс-тәсілдер де көрсетілді.
Қонаев гарнизонындағы 58012 әскери бөлімінде 400 жас сарбаз Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуде. Олар 33 жылдық тарихы бар Қазақстанның инженерлік әскерлерінің қатарына қабылданғанын мақтан етеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.