Жамбыл облысының Меркі ауданында оқушылардың улануына байланысты санитариялық-эпидемиологиялық тексеріс басталды. Кеше кешкі уақытта 22 оқушы ауруханаға жеткізілген. Алдын ала диагноз — этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит. Дегенмен мамандар қазір уланудың нақты себебін анықтап жатыр. Ол үшін науқастардан және тағам өнімдерінен зертханалық сынама алынған.
Айта кетейін, 12 мен 17 жас аралығындағы қызылордалық жасөспірімдер Жамбыл облысына оқу-жаттығу жиындарына қатысу үшін барған. Олар «Тұран» демалыс аймағында орналастырылған. Барлығы 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы болған. Ауруханаға түспеген балалар да сақтық мақсатында дәрігерлердің тексеруінен өтті. Олардан улану белгілері анықталған жоқ.
МЕЙІРХАН ӨМІРБЕК, МЕРКІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Науқастардың жағдайы жеңіл дәрежеде. Денсаулықтары қалыпты. Түнімен дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. 22 қаңтар күні 21 бала толықтай дәрігерлердің тексеруінен қайтып өтті. Жағдайларының жақсы болуына байланысты ауруханадан шығарылды. Демалыс орнында қалған балалардың барлығы бақылауға алынған. Олардан ауру белгілері анықталған жоқ. Бүгінгі күні жағдай тұрақты.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.