Семейге іргелес Жарқын ауылының тұрғындары ресми мәртебе беруді сұрайды

Жарқынның болашағы бұлыңғыр. Семейге іргелес орналасқан ауыл азаматтары елді мекенге ресми мәртебе беруді сұрайды. Өйткені тұрғындар баспанасын рәсімдей алмай, қарапайым тіршіліктің өзінде қиындық көріп отыр. Өмірде бар, бірақ құжатта жоқ ауыл мәселесін жергілікті билік, қашан шешеді?

ДИНАРА ЕРБОЛҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
– Семейдің іргесіндегі Жарқын ауылының тұрғындарынан маза қашты. Жиналған жұрт ауада қалып жапанда қалған жалғыз үйдің күйін кешуде. Себебі елді мекен не Жаңа Семейдің, не Семей қаласының құрамына енбей қалған.

Мақпал Бекенова үйін сатып, қалаға көшуді жоспарлаған. Алайда жаңа қожайындар құжат рәсімдеу кезінде баспананың еш жерде тіркелмегенін айтып, қайта хабарласқан. Тұрғындармен бірге ХҚКО-ға жүгінгенімен, нақты жауап ала алмаған. Ақыры, сатып алушыларға ақшасы толық қайтарылған.

МАҚПАЛ БЕКЕНОВА, ЖАРҚЫН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
– Келіскен суммамызды қайтарып бердік, біздің қолымызда қазір документ жоқ. Үй ешқай жерде тіркелмеген. Жаңа Семейге де бардық, Семейге де бардық. Олардың бізге айтқаны соттасыңыздар, соттасқаннан басқа пайда таппайсыздар деді. Сотқа арыз жаздық. Сот қабылдамады. Жарқын ауылы ешқай жерде жоқ деді.

Жарқын ауылының тұрғындары бұл бір адамның ғана емес, тұтас ауылдың мәселесі дейді. Елді мекеннің нақты мәртебесі болмағандықтан, тұрғындар үйін заңдастыра алмайды, малын сату үшін қажет анықтамаларды да ала алмай сенделіп жүр. Айтуларынша, балабақша мен мәдениет үйі жабылып, қаржысы бөлінген амбулатория да салынбай қалған. Көшелерде жарық жоқ, қыста қарды өз қаражаттарына тазалайды. Ал сайлау кезінде тізімде бар болғанымен, күнделікті мәселеде ешбір аумаққа жатпаймыз деп налиды.

ЖАҢЫЛ ЖОЛДАСОВА, ЖАРҚЫН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
– Біздің ауыл деген статусымыз қалғанын қалаймыз.

125 түтіні бар Жарқын ауылы бұрын Приречное ауылдық округінің құрамында болған. Қазір тұрғындар нақты шешім ұсынар жауапты орган таба алмай отыр. Айтуларынша, билік өкілдері уәдемен ғана шектелген. Амалдары таусылған ауыл тұрғындары сегіз шақырым жердегі әкімдікке өздері барып, мәселе көтерді. Бірақ облыс әкімін екі сағат күткен жұрт қала әкімінің жауабымен шектелді.

ӘДІЛЕТ ҚОЖАНБАЕВ, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
– Жұма күні Жарқын ауылында кездесу өткіземіз, тұрғындармен келістік. Бұл кісілердің өтініштері қабылданды. Қарастырылады. Бүгінгі күні 2024 жылы бекітілген бас жоспарға өзгерістер енгізіліп жатыр. Осы өзгерістер аясында қарастырамыз.

Жарқын ауылының тұрғындары елді мекенді Жаңа Семей ауданының құрамына қосуды талап етеді. Билік өкілдері бұл мәселе жұма күні ауыл тұрғындарымен өтетін кездесуде қаралатынын мәлімдеді.
———————————————