Ең бай депутат кім?

Салықшылар қазақстандықтарға табыс декларациясын уақытында тапсыруға кеңес береді. Қалтасындағы соңғы тиынына дейінгі ақпаратты биыл алғаш рет шенеуніктер мен депутаттар және олардың жұбайлары көпшілікке жария қылды. Мәжіліс пен Сенат сайттарындағы ашық ақпаратты біздің тілшілер де зерттеп көрді. Сонымен, ең бай депутат кім?

Бірден айтайық, әңгіме депутаттардың айлығы туралы емес. Декларацияда тек қосымша табыс: бизнес, дивиденд, мүлік сату секілді кірістер ғана көрсетіледі. Табыс декларациясында көрсеткен байлағына қарасақ, ең бай депутат – мәжілісмен Ерлан Барлыбаев. «Ақ жол» партиясы фракциясынан сайланған депутат ресми жалақысынан бөлек, 528 миллион теңге табыс тапқанын көрсеткен. Ақшаның қайдан келгенін өзі айтып берді.

ЕРЛАН БАРЛЫБАЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
– Қазір нақты есімде жоқ, 10 не 12 жыл бұрын бір бизнесті сатып алғанмын. Ал 2024 жылы соны саттым. Оның үстіне, мен өмір бойы кәсіппен айналыстым, бұрын одан да ірі бизнесім болды, оны да өз уақытында саттым. Меніңше, адамдар керісінше, табыс табуға ұмтылып, соған қуануы керек. Ал бізде неге екенін білмеймін, осындай бір шу басталып кетті. Бәрі кедей болғанын қалайтын сияқты.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов жұбайының 1,5 миллион теңге табысын көрсеткен. Вице-спикер Альберт Раудың жұбайы бір жылда 10 миллион теңге тапқан. Ал депутат Бауыржан Смағұловтың жұбайы 48 миллион теңге кіріс көрсеткен. Анас Баққожаев жұбайы 4,3 миллион теңге тапқанын жариялаған. Санасақ, Мәжілістегі 98 депутаттың тек осы төртеуі ғана 2024 жылғы табыс декларациясын жария қылған. Басқасы қосымша табыс таппаған ба?

ЕРМҰРАТ БӘПИ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
– Жалақымнан, зейнетақымнан басқа ешқандай кірісім жоқ. Не сатып алып жатқан жылжымайтын мүлкім жоқ. Не көлік алып жатқан жоқпын. Сондықтан көрсететін түгім жоқ.

ЕРБОЛАТ САУРЫҚОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
– Электронды түрде тапсырғаннан кейін өзімнің әртүрлі банк шотымдағы ақшаларым тұр. Өз атымда болған автокөлік тұр. Менің атымда осы Астана қаласында тіркелген үй бар.

Сенатта жағдай осыған ұқсас. 50 сенатордың бесеуі ғана декларация тапсырған. Сағындық Лұқпанов бар-жоғы 43 мың теңге табыс тапқанын көрсетсе, сенаторлардың жұбайлары 2024 жылы миллиондап кіріс алған екен. Мысалы, Закиржан Кузиевтің әйелі – 3 млн теңге, Сұлтан Дүйсембиновтың әйелі – 5 млн теңге, Серік Өтешовтың әйелі – 10 млн теңге, Нұрлан Бекеновтың жұбайы – 11 млн теңге, Жанболат Жөргенбаев пен Шәкәрім Бұқтығұтовтың жұбайлары – 12 млн теңге жылдық табысқа кенелген. Ал Сенат спикері Мәулен Әшімбаев пен оның жұбайы сайттағы ақпаратқа сенсек, ешқандай қосымша табыс алмаған.

АЙЖАН БАЛАКЕШОВА, САЛЫҚ САРАПШЫСЫ:
– Былай қарасақ, Мәжіліс пен Сенат депутаттарының басым бөлігі есеп бермеген сияқты көрінеді. Декларация тапсырылған, бірақ табыс көрсетілмеген. Мәселе мынада: депутаттың жалақысы декларацияда көрсетілмейді. Ол ешқандай мүлік сатпаса, шетелде шоттары жоқ, қосымша табысы болмаған жағдайда, шынымен де бос декларация тапсыруы әбден мүмкін. Әрине, біз бұған онша сене бермейміз. Бірақ салық маманы ретінде айтарым, депутат табысын жасырған болса, ол бәрібір камералды бақылау кезінде анықталады. Сондықтан ештеңе көрсетпесе, демек, расында да ешқандай табысы болмаған. Алайда бизнесті оның балалары жүргізуі мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.

Қысқасы, біреулер табысының қайдан келгенін түсіндіріп әлек, енді біреулер табысы жоқ екенін дәлелдеумен жүр. Ал халық болса, әдеттегідей, есепке емес, есептің астарына үңіледі. «Мұндай ақша қайдан келген?», — дейді.
———————————————