Қоғамдық көлік қауіпті орынға айналып бара ма?

Қоғамдық көлікте тәртіп бұзу жағдайлары жиілеп барады. Бұны күн сайын әлеуметтік желілерден көреміз. Мәселен, жуырда Алматыда мас күйінде автобус ішінде шу шығарған ер адам жауапқа тартылды. Куәгерлердің айтуынша, ол жолаушыларға тиіскен. Мамандар мұндай жанжалдардың, жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін ескертеді. Қоғамдық көлік неліктен қауіпті орынға айналып барады?

Атыраудағы қоғамдық көлік. Орын бермегені үшін жолаушылар арасында жанжал туып, бойжеткеннің шашы жұлынды.

Ал бұл бейнежазба Астанадағы автобуста түсірілген. Екі жолаушы бір орынға таласып, бір-бірінің шашынан тартып, бет жыртысқан. Ал әлеуметтік желіде тараған мына кадрлер Алматыдағы қоғамдық көлікте түсірілген. Мұнда ер кісі мас күйінде шу шығарып, жолаушылрға тиіскен. Мұндай жанжалдар соңғы уақытта жиілеген.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
– Қазір біз автобустың ішіндеміз. Мұнда әр жастағы жолаушы бар — оқушы да, студент те, зейнеткер де. Алайда дәл осы жерде жиі келіспеушілік туындайды. Бірі орын беру адамгершіліктің белгісі десе, енді бірі оны міндет емес деп санайды. Қоғамдық көліктегі осындай көзқарастар қайшылығы кейде жанжалға ұласып жатады.

Әлеуметтанушы Рамазан Салықжанов кез келген қоғамдық ортада өзін-өзі ұстау адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші екенін айтады. Оның пікірінше, мұндай жағдайдың алдын алу үшін тәрбие мен мәдени құндылықтарды жүйелі түрде қалыптастыру қажет.

РАМАЗАН САЛЫҚЖАНОВ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:
– Ересектердің өздері өз балаларына тәрбие беріп, көшедегі балаға тәрбие сенің құзыреттілігің емес екенін мойындау керек. Біз соны мойындамай жүрміз. Шектен асып, қызбалыққа салынып, тәртіп орнату біздің қазақи мінезіміз емес.

Осы мәселеге қатысты психологтардың да пікірін сұрадық. Мамандар әлем елдерінде ересектер арасында психологиялық ауытқулардың артып келе жатқанын да айтады. «Ашушаңдық мен қатыгездік — адамның ішкі жан дүниесіндегі күйзелістің көрінісі», — дейді.

Қоғамдық көлікте жолаушылар арасындағы келіспеушілік қозғалыс қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Мамандардың сөзінше, автобус дау-дамай алаңы емес. Жүргізушінің басты міндеті — жолаушыларды межелі жеріне аман-есен жеткізу.

СӘБИТ БОЛАТОВ, №1 АВТОБУС ПАРКІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
– Автобустың ішінде қатты дауыстап телефонмен сөйлесу, бір-бірімен айқайласу жүргізушінің назарын бөледі. Ал ол жолға қарауы керек. Сондықтан жолаушылар бір-біріне сыпайы болып, өзара құрмет сақтауы тиіс. Көп жағдайда жанжалды жүргізушілер өз бетінше ретке келтіруге тырысады. Егер қолдан келмесе, полицейлерді шақыруға мәжбүр.

Қоғамдық көлікте тәртіп бұзу жауапсыз қалмайды. Құзырлы органдардың мәліметінше, мұндай әрекеттер құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай бағаланады. Егер ұсақ бұзақылық белгілері анықталса, әкімшілік кодекске сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ал дене жарақаты келтірілген жағдайда, қылмыстық іс қарастырылған.
———————————————