Мақсат пен Мәди, Ришат пен Рафхат және Константин мен Кирилл. Оралдағы 55 17 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеуге бір мезгілде шақыртылған үш егіз өздерінің әскери міндеттерін өтеп жатыр. «Бірнеше егіздің бір жерде болуы бұған дейін кездеспеген», — дейді бөлім басшылығы. Таяуда жас сарбаздар әскери ант қабылдады.
Әр өңірден шақыртылған 200-ге тарта жас сарбаз Жайық жерінде өздерінің азаматтық борыштарын өтеуде. Олар Отан алдында адал болуға әскери ант қабылдады. Қазір жауынгерлік дайындық бойынша шеберліктерін шыңдауда. Саптағы сарбаздардың қатарында үш егіз де бар.
АЛМАС БАЛТАБЕКОВ, БАТАЛЬОН КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Егіздер өте жақсы нәтиже көрсетуде. Сабақ үлгерімі, физикалық жаттығуларды жасауы бойынша алғы шепте деп айтса болады.
Әскерге шақыртылған егіздер бөлінбейді, бірге болады және бір бөлімде қызмет атқарады. Бұл қағида олардың өз міндеттерін қалтқысыз атқаруға да септігін тигізеді. Атыраулық егіздер Ришат пен Рафхат Құспанғали болашақта өмірлерін осы салаға арнауды жоспарлапты.
РИШАТ ҚҰСПАНҒАЛИ, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР:
– Қазіргі таңда қызметімізді атқарып жатырмыз. Бір взводта, бір бөлімде бірге жатып, бірге тұрамыз. Бұйыртса, әскерден кейін оқуға түсемін, содан кейін жұмысқа әскери қызметші болып кіргім келеді.
Әскерге бару – әр азаматтың қасиетті борышы және міндеті. Бұл – біздің әке-аталарымыз салған сара жол. Оны жалғастыру – бүгінгі ұрпақтың міндетті. Бауыржан атамыз тәртіпке бағынған құл болмайды деген. «Бұл жерде жас сарбаздардың үйренері мол», — дейді ақтөбелік Мәди мен Мақсат.
МӘДИ РАХМЕТУЛЛИН, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР:
– Ең бірінші, тәртіп пен тазылық. Соның бәрі кішкентай нәрседен басталады. Осы бөлімде бірге болғаныма қуанамын. Өйткені егізім, бауырыммен бірге жүреміз. Әрдайым бір-бірімізге көмектесеміз.
Алматы қаласынан шақыртылған Константин мен Кирилл Ставинский де өзгелермен бірге әскери өмірге машықтануда. Қаладағы қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету – олар үшін басты міндет. Сарбаздар бұл міндетті орындауға сақадай саймыз дейді. Ал үш егіздің бір мезетте өз борыштарын өтеуі бұл әскери бөлімде алғаш рет тіркеліп отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.