Өскеменде трамвай тапшы. Әсіресе -38 градусқа дейін жеткен аязды күндері тұрғындар оның жетіспеушілігін қатты сезінді. Қазір күн сайын желіге небәрі 12 вагон ғана шығады, ал қажеттілік бұдан шамамен екі есе көп. Трамвайды негізінен кәсіпорын жұмысшылары пайдаланады. Себебі рельстер жергілікті зауыттардың өткізу бекеттеріне дейін тартылған. Өткен жылы қалалық депоға бюджеттен шамамен жарты миллиард теңге көлемінде дотация бөлініп, үш трамвай жаңартылды. Биыл паркты жаңартуға тағы бір миллиард теңге инвестициялау жоспарланған. Ал рельстер мен электр желілерін жөндеу және қалпына келтіруге қосымша 10 миллиард теңге қажет. Қомақты шығындарға қарамастан, әкімдік трамвай қозғалысын сақтап қалуды көздеп отыр. Өйткені олар қалада 65 жылдан бері қатынап, Өскеменнің көрнекті нышанына айналған.
МИХАИЛ ЧАЙКА, КӨЛІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:
– Трамвай – Өскемен қаласында сұранысқа ие көлік. Бір трамвай бір күнде шамамен мың адамды тасымалдайды. Ал егер желіге 12 вагон шықса, онда күніне 10 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетіледі.
АЗАТ ҚАСЫМОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
– Біз бұл мәселені жақсы білеміз және оны шешуге кірісіп кеттік. Өткен жылы 3 трамвай сатып алынды, биыл тағы 3 жаңа трамвай алу жоспарланып отыр. Алдағы жылдары да трамвай паркін жаңарту мақсатында жаңа көліктер жыл сайын сатып алынады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.