Жекеменшік мектептер мемлекеттен қаржыландырылмайды

V Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы жекеменшік мектептерді қаржыландыруға байланысты бірталай өзгеріс енгізу керек деді. Осыдан кейін Үкіметте шұғыл жиын өтіп, жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға уақытша мораторий жарияланды. Яғни аталған ұйымдар мемлекеттен қаржыландырылмайды. Бұған білім беру ұйымдарындағы заңбұзушылық түрткі болды. Кейбір мектептер оқушы санын қолдан көбейтіп, табысын жасырып келген. Бір өңірде тіпті тойхана мен сауда орталығын білім ошағына айналдырған.

Жекеменшік ұйымдар әуелде мемлекеттік мектептердегі орын тапшылығы мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешіп келді. Нәтижесінде, Қазақстанда шамамен 800 жекеменшік мектеп ашылды. Оларға жыл сайын бюджеттен жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі арқылы жүздеген миллиард теңге бөлініп отырды. Мәселен, 1 оқушыға жылына шамамен 700 мың теңгеден келетін. Ал Астана мен Алматыдағы элиталық мектептерде ата-аналар бұған қоса 2-2,5 миллион теңге төлеп келген.

НҰРМҰХАММЕД ДОСЫБАЕВ, САРАПШЫ:
– Жан басына бөлінетін қаржының шамамен 10–15 пайызы оқу ақысы жылына 3 миллион теңгеден асатын мектептерге бағытталады. Қазіргі таңда мұндай мектептерді көпшілік «элиталық мектептер» деп атайды. Ал қазір оқу ақысы қымбат мектептер үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруды қысқарту мәселесі талқыланып жатыр. Шынында да, кейбір мектептер сандармен, деректер базасымен манипуляция жасап, бюджет қаржысын сыбайлас жолмен тиімсіз пайдаланып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, бұған дейін жекеменшік мектептер кейде заңсыз жолмен иемденуге тырысқан бюджет қаражаты, бәлкім, енді білім беруде мақсатты жұмсалады. Ал ата-аналар Үкіметтің жекеменшік білім беру саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту туралы шешімін оң бағалап отыр.

АЙГҮЛ ҚАСЫМБЕК, БОСТАНДЫҚ АУДАНЫ ББ БАСШЫСЫ:
– Мемлекеттік білім беру ұйымдарында 2019 жылдан бастап жан басына шаққан қаржыландыру басталған болатын. Негізінде, өте тиімді жоба. Қазір мектептер қаржыландыру жоспарын жасайды. Жоспарды жасар алдында мектеп әкімшілігі бірге отырып мектепті дамыту жоспарын жасайды.

Яғни білім беру, баланы дамыту, жайлы жағдай жасауға жоспар құрылады. «5 жылға жүйелі жоспар жасалса, мектеп басшылығы қай жылы қандай кабинетті жасақтап, спорт алаңын қашан жөндейтінін алдын ала білетін болады», — дейді білім бөлімі басшысы. Соған сәйкес қаржы бағытталады. Енді жекеменшік мектептер қаржыландырылмайтын болса, бюджет үнемделіп, мемлекеттік мекемелерге көбірек назар аударылады.
———————————————