Павлодар облысында ауқымды «Деректерді өңдеу орталығының алқабы» цифрлық жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Екібастұз энергетикалық бассейнінің қуат көзі негізінде IT-кластер құру туралы жоспарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда мәлімдеді. Жоба Үкімет пен өңір әкімдігінің бірлесуімен жүзеге асырылып, деректерді өңдеу орталықтары 200 гектар аумақта орналастырылады. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттама дайындалғаннан кейін құрылыс басталады. Оны іске асыру 2027–2028 жылдарға жоспарланған. Жобаға халықаралық инвесторларды тарту көзделіп, жетекші технологиялық компанияларды қызықтыруға бағытталған. Болашақта «Деректерді өңдеу орталығының алқабы» цифрлық технологиялар саласындағы жетекші хабқа айналуы мүмкін.
САБИНА МЕЙРАМ, ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ БАСҚАРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
– Жоба, жалпы алғанда, бірнеше деректі өңдеу орталықтарынан тұратын ауқымды кластерді қамтиды. Жалпы қуаттылығы 300 мегаваттқа дейін болады. Деректерді өңдеу орталықтары тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді, онда отандық компаниялармен қатар шетелдік компаниялар да орналастырылады. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласындағы ГРЭС-2 маңынан жер телімі анықталды. Қажет инфрақұрылымды-энергетикалық, телекоммуникациялық, жарық, су және жол инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.