Николь Шерзингер, Тимбэлэнд Қазақстанда концерт қояды

Николь Шерзингер, Тимбэлэнд, Баста Раймс. Әлемдік шоу-бизнес жұлдыздары мамыр айында Астана мен Алматыда концерт қояды. Solana фестиваліне алыс-жақын шетелден он мыңға жуық турист келеді деп болжануда. Ауқымды фестивальді өткізу үшін Астанада Solana City қалашығы арнайы салынады. Ол кейін жыл он екі ай жұрт демалатын үлкен туристік орталыққа айналмақ.

Әлемде мыңдаған туристі тартатын Burning Man, Tomorrowland және Coachella фестивальдері бар. Solana дәл сондай қазақстандық фестиваль бренді болмақ. Ұйымдастырушылар бұл концертті елдегі ең масштабты, ашық аспан астындағы музыкалық кештердің бірі деп отыр. Алматыдағы концерт 16 мамырда Медеу мұз айдынында, ал Астанада 17 мамырда Solana City аумағында өтеді. Сахнаға әлемдік жұлдыздар – Florida, Nicole Scherzinger, Tugay, Busta Rhymes, Timbaland және Keri Hilson шығады. Билеттің жартысы сатылып кеткен.

ЖАНАР БАЙҒОЗИНА, SOLANA БАС ДИРЕКТОРЫ:
– Билеттердің бағалары 25 мыңнан 160 мыңға дейін. Бірақ әр ай сайын билет бағасы 10 пайызға көтеріледі.

Ұйымдастырушылар жетінші құпия қонақтың болатынын хабарлады. Оның есімі концертке жақын күндері жарияланады. Kazakh tourism компаниясы Solana фестке елу мыңдай адам жиналады деп болжап отыр. Оның үштен бірі – шетелден келетін қонақтар. Әсіресе Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Үндістан мен Қытай азаматтарынан сұраныс жоғары. Жағдайды пайданалып, туристерге концерт билетімен қоса турпакет ұсыну жоспарда бар.

ДАНИЕЛ СЕРЖАНҰЛЫ, «KAZAKH TOURISM» ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Тек концертке келіп кететіндей емес, мысалы, апталық, бес күндік, үш күндік турлар аясында елімізге, еліміздің өңір-өңіріне саяхат жасайтында етіп, шетелдік нарыққа жарнамалаймыз.

Айтқандай, Астанада Solana фест Solana City қалашығында өтеді. Ол қазіргі гольф-клуб аумағынан орын тебеді. Ұйымдастырушылар 30 гектар жер алып, оған қысы-жазы жұмыс істейтін туристік қалашық тұрғызбақ. Мұнда 200 этно-киіз үй, 400 кемпинг, 300 глэмпинг, 200 модульді тұрғын үй салынады. Жазда мәдени және көрме алаңдары, арт-инсталляциялар мен фестивальдер өтеді. Жұрт жай ғана табиғат аясында демалып, қымыз-саумал ішіп, отбасымен уақыт өткізеді. Қыста қала «Қысқы Лапландия» форматында жұмыс істейді.
———————————————