Алматы облысында шұбаттан жасалатын балмұздақ сұранысқа ие

Алматы облысында «Қазақ қызы» атты ұлттық бренд қалыптасып келеді. Бұл – кәдімгі шұбаттан жасалатын балмұздақ. Оны жергілікті тұрғын өндіреді. Мемлекеттен қолдау көрген кәсіпкер өнім түрін жиырмадан асырды.

Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Азангүл Әлбосын мен жұбайы Жарқын Жұмағазы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Олар өз кәсібін екі түйе сатып алудан бастаған. Ал қазір ойсыл қара саны 80 басқа жетті. Мұнда тәулігіне 150 литр шұбат сауылады. «Ауыл тұрғындары арасында ұлттық сусынға деген сұраныс жоғары. Бірақ шұбатты өңдеп, дайын өнім шығарған әлдеқайда тиімді», — дейді кәсіпкер.

АЗАНГҮЛ ӘЛБОСЫН, КӘСІПКЕР:
– Көбіне балалар ұнатып жейді. Сондықтан балаларға ешқандай кері әсері жоқ, витаминдік құрамы өте бай.

ЖАРҚЫН ЖҰМАҒАЗЫ, ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ
– Кәсібімізді 2016 жылы бастағанбыз екеуіміз. Қазір, міне, өздеріңіз көріп отырғандай, қоралы түйеге жеткіздік. Басында қиындау болды, ол кезде енді бұның қыр-сырын біле бермейміз, бірақ бұрыннан малдың бағып өстік.

«Қазақ қызы» брендімен балмұздақ шығару үшін Азангүл Әлбосын Қытайда арнайы курстан өткен. Бүгінде шалғай ауылдан шағын цехын ашып, 4 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Балмұздақты облыс аумағы мен Алатау баурайындағы алып шаһар Алматының дүкендерге өткізеді.

МЕРЕКЕ БАҚЫТГҮЛ, САТУШЫ:
– Қолдікі болғаннан кейін бір жағынан сенімді, бір жағы құрамы химиядан тұратын балмұздаққа қарағанда денсаулыққа пайдалы. Жаз кезінде жақсы өтеді.

«Мемлекет тарапынан бізге шаруашылықты дамыту мақсатында 226 гектар жер берілді. Сөйтіп, балмұздақ өндірісін қолға алуымызға жол ашты. Болашақта ауылдан қолөнер мектебін жасақтауды жоспарлап отырмын. Тұрғындарға сырмақ басып, көрпе-жастық және қолдан тоқылатын киім үлгілерін тігуді үйретсем бе деймін. Сол арқылы адам ағзасына өте пайдалы түйе жүнін кәдеге жаратпақшымыз», — дейді кәсіпкер.
———————————————