Семейде Паркинсон дертіне шалдыққан зейнеткер еңбек арқылы өмірге қайта оралды. Анатолий Савенко ағаштан ойыншық жасап, дертпен күрестің өзіндік жолын тапқан. Жұмысқа кіріскен сәтте қолындағы діріл басылып, қимылы ширай түседі. Дәрігерлер мұны ұсақ моторика мен психологиялық тұрақтылық нәтижесі деп отыр.
Анатолий Савенконың шағын үйі бүгінде толыққанды шеберханаға айналған. Таңғы жарықпен бірге ол ағашын дайындап, қарапайым құралдарын реттейді. Жұмыс басталған сәттен-ақ қолындағы діріл бәсеңдеп, қимылы нықтала түседі. Әр ойылған бөлшек – сабыр мен төзімнің нәтижесі. Ал шеберхана ішін кернеген тыныштық оның дертпен күрестегі басты серігі іспетті.
АНАТОЛИЙ САВЕНКО, ЗЕЙНЕТКЕР:
– Ағашпен жұмыс істегенде ауруымды ұмытып кетемін. Ойым бөлініп, жаным тынышталады. Бір бұйымды аяқтасам, өмірге деген сенімім артады. Жасаған ойыншықтарымды көрмелерге апарып, балаларға сыйлаймын.
Анатолий Савенко – Семей қаласының байырғы тұрғыны. Әскер қатарынан кейін фельдъегерь болып қызметке кірісіп, қырық жылдан астам уақыт мемлекеттік, әскери және коммерциялық маңызы бар құжаттарды жеткізумен айналысқан. Жауапкершілігі жоғары бұл қызмет зейнетке шыққанға дейін оның өмірінің басты бөлігі болды. Алайда 2019 жылы денсаулығы сыр беріп, Паркинсон дерті диагнозы қойылды. Соған қарамастан, зейнеткер өмірге деген құштарлығын жоғалтпай, еңбекті өзіне серік етті. Қазір зейнеткердің басты тірегі – Құдай қосқан қосағы.
ЕЛЕНА САВЕНКО, ЗЕЙНЕТКЕРДІҢ ЖАРЫ:
– Түнде қолының дірілі күшейсе, шеберханаға барып жұмыс істейді. Ойыншық жасаған сайын тынышталып, сабырға келеді. Сосын ғана ұйқысы орнына түседі.
Абай облысында Паркинсон дертіне шалдыққан 700-ден астам адам есепте тұр. Дәрігерлердің айтуынша, ең басты емнің бірі – науқастың психологиялық күйі.
ҒАЛИЯ ӘЛІБЕКОВА, НЕВРОЛОГ ДӘРІГЕР:
– Науқас ұсақ моторикамен айналысқанда дофаминнің бөлінуін арттыратын гормондар түзіледі. Бұл Паркинсон ауруына жауапты жүйелердің жұмысын қолдайды. Науқастың өзіне ұнайтын іспен шұғылдануы маңызды. Тактильдік және эмоциялық сезімдер арқылы моториканың әсері байқалады. Себебі кез келген дерт науқастың көңіл күйіне байланысты.
Бүгінде Анатолий Савенконың жасаған ағаш ойыншықтарына сұраныс артып келеді. Жастар арнайы келіп, бұйымдарды үйінен алып кетеді. Кейбірі оны естелікке сақтаса, енді бірі балаларға сыйлық ретінде апарады. Бұл жай ғана қолдан жасалған зат емес. Бұл – дертке мойынсұнбаған адам рухының және еңбекке деген сенімнің көрінісі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.