Елордада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Жиында бұқарадан түскен бастама талқыланды. Осы уақытқа дейін қоғамның белсенді өкілдерінен мыңдаған ұсыныс түскен. Олар қандай тақырыптарды қамтиды?
Сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар тұлғалар депутаттық сайлауға қатыспасын. Бұл – Конституциялық комиссияға қоғамнан түскен ұсыныстың бірі ғана. Бұқараның белсенді өкілдерінен барлығы 2 мыңнан астам бастама көтерілген. Әрқайсысы алдағы уақытта жеке-жеке қаралып, ашық талқыланбақ. Қонституциялық комиссия төрағасы осылай дейді. Себебі бұл – реформаның негізгі қағидаты.
ЭЛЬВИРА АЗИМОВА, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Азаматтар тікелей эфир арқылы сарапшылардың көзқарастарын және өзге азаматтардың бастамаларын көре алады. Мұндай диалог форматы реформаның негізгі қағидатын айқын көрсетеді. Ол туралы Мемлекет басшысы бірнеше рет «Конституциялық реформа, ең алдымен, халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүзеге асырылады» деп атап өткен болатын.
Ұсыныстарды алғаш болып Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды. Ол жоғары билікке қатысты негізгі нормалар туралы айтты.
ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ:
— Президент вице-Президентті, Премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін және Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін Құрылтай келісімімен тағайындау ұсынылады. Сонымен қатар депутаттар аталған лауазымдарды тағайындауға келісім беруден екінші рет қайтадан бас тартса, Президентке Құрылтайды тарату құқығы беріледі. Бұл − саяси күштерді ымыра іздеуге және жауапты мінез-құлық танытуға ынталандырады. Президент пен Құрылтай арасындағы тепе-теңдікті қалыптастырады.
Құрылтай демекші, жиында Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров жаңа құрылымға қатысты бастамалар жайлы баяндады. Оның сөзінше, заң шығарушы органға тек Қазақстан азаматы сайлануы керек. Жасы 25-тен асқан, соңғы 10 жыл ел аумағында өмір сүрген болуы тиіс. Құрылтайдағы мандат саны 145, сайлау мерзімі 5 жыл болады.
НҰРЛАН БЕКНАЗАРОВ, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ:
— Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі сотта белгіленген тәртіппен танылған азаматтардың сайлануға құқығы болмайды. Бұл жаңаша нормадағы ерекше назар аударуға болатын түзету қазіргі таңда қоғамда өте жағымсыз сипат алған сыбайлас жемқорлық қылмыс және құқықбұзушылық әрекеттеріне қатысты талаптардың қатаңдатылуын білдіреді.
Мәжілістегі көпшілік дауыс арқылы Үкіметке сенімсіздік білдіру құқығын Құрылтайға беру ұсынылып отыр. Сондай-ақ Құрылтайға Жоғары сот судьяларын сайлау және қызметтен босату, олардың антын қабылдау құқығын беру де қарастырылған. Айта кетейік, бұл нормалардың бәрі – әзірге тек ұсыныс. Қай өзгерістердің қабылданатынын референдум шешеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.