Жалған куәлікпен жәрдемақы алып жүргендердің әшкере болатын күні жақын. Елімізде ардагерлер мен мүгедектердің тізімі жаппай тексеріліп жатыр. Ауқымды ревизияны Еңбек және қорғаныс министрліктері бастап кеткен. Кімдердің ісі тексеріледі?
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Бірден айтайын, бұл ревизияның Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қатысы жоқ. Әңгіме 2020 жылғы заңмен «ардагер» деген мәртебе алған әскери қызметкерлер жайында. Ауғанстанда, Мысырда, Сирияда жауынгерлік қимылдарға қатысқандар, Ирактағы бітімгерлер, Таулы Қарабақтағы қақтығысты реттеуге қатысқандар, Тәжік-Ауған шекарасында қарумен тұрған сарбаздардың тізімі тексеріледі. Чернобыль апаты мен Семей ядролық полигоны салдарын жоюға қатысқандар да осы санатта. Барлығы 42 мыңнан астам адам қазір мемлекеттен жәрдемақы алып отыр. Олардың арасында жалған құжатпен тіркелгендер бар болуы мүмкін.
Тізімдегі басы артық адамды анықтау үшін арнайы комиссия қазір әр өңірде ардагерлердің зейнетақы істерін қолмен қайта ақтарып отыр. Әскери билет, архивтік анықтама, бұйрық нөмірі, қызмет еткен жері – бәрі дерекқормен салыстырылады.
МАҒИШАТ ЖАҚАНОВА, ҚД АРДАГЕРЛЕРМЕН ЖҰМЫС ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Егер соғыс қимылдарына қатысқаны туралы мәлімет жоқ болған жағдайда, жергілікті әскери басқару органдары Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» 2020 жылғы 6 мамырдағы №322 Заңына сәйкес олардың өзге мемлекеттердің ұрыс қимылдарының ардагері мәртебесін растау үшін архивтерге сұрау жолдайды.
Бір күн айырмашылық, бір цифр қате болса, төлем бірден тоқтайды. Ардагердің жәрдемақыны негізсіз алғаны дәлелденсе, бәрін бюджетке қайтаруы тиіс. Мысалы, қазір Ауған соғысы ардагерлері ай сайын 24 мың 340 теңге жәрдемақы алады. Ал Таулы Қарабақ, Ирак пен тәжік-ауған шекарасындағы ұрыстарға қатысқандардың төлемі – 18 мың 874 теңге. Чернобыль апаты мен Семейдегі полигон салдарын жоюға барғандардың жәрдемақысы да сондай – 18 мың теңгеден сәл асады.
Ал мүгедектікке келгенде жағдай тіпті күрделі. Соңғы үш жылда он мыңнан астам адам мүгедектік алуға талпынған. Яғни қағазда диагноз бар, ал денсаулықта кінәрат жоқ. Ең көп заңбұзушылық Түркістан облысында тіркелген. Артынша Алматы мен Шымкент тұр.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Әзірге жалған мүгедектікке қатысты ірі қылмыстық істер тіркелмеген. Тізімді түгендеу жалғасып жатыр. Еңбек министрлігіндегілер ревизияның алғашқы нәтижесін наурызда жариялайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.