Емдейтін адам жоқ. Шығыс Қазақстан облысында 130-дан астам дәрігер жетіспейді. Әсіресе Өскемен, Риддер, Серебрянск және Алтай қаласында медициналық қызметкерге сұраныс жоғары. Жуырда Риддер қаласында тәулігіне 500 адамды қабылдай алатын жаңа амбулатория және 200 орындық стационар ашылды. Науқастар келгенімен, оларды емдейтін маман жоқ.
Серебрянск қаласының орталық ауруханасы 11 мыңнан астам қала тұрғынына қызмет көрсетеді. Мұнда тек жеті жұмыс орны бар, сондықтан медицина қызметкерлері бірнеше ауысымда жұмыс істейді. Ең қиыны – бейінді мамандарға қаралу. Ауруына шипа іздеген науқас Өскемен қаласына барып, жекеменшік клиникаға қаралуға мәжбүр.
ТАТЬЯНА СИДОРОВА, СЕРЕБРЯНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бізде Лор, окулист, стоматолог сияқты маман атымен жоқ. Бұрын хирурга та болмаған. Бізге Алтайға, облысқа сабылып жүрмеу үшін дәрігер керек.
Өңірде132 медициналық қызметкерінің орны бос тұр. Әсіресе шағын қалада сұраныс жоғары. Алайда мамандарға көтерме ақы да төленбейді. Қызметтік үй де берілмейді.
ЕРКІН СЕМЕЙХАНОВ, СЕРЕБРЯНСК ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
— «Дипломмен ауылға» бағдарламасы – тек ауыл-аймаққа тиесілі жоба. Ал біздің медицина қызметкерлері үшін, мейлі олар жас немесе тәжірибелі маман болсын, ешқандай көтермеақы да, тіпті жеңілдетілген несие де жоқ.
Мәселені шама-шарқынша шешу үшін оңтүстіктен қызметкер тартып жатыр. Мысалы, дәрігер Марат Ахметов Оңтүстіктен-солтүстікке қоныс аудару бағдарламасымен Серебрянск қаласына көшіп келген. Жергілікті билік оған үйді де берді, 4 миллион теңгеден астам көтермеақы аударған. Енді шағын қаладағы медицина кадрды қолдауға арналған жеке бағдарлама әзірлеуге кірісті.
АЙНАШ КАПАНОВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Денсаулық сақтау басқармасы шағын қала мен Өскемен қаласына келген медицина кадрларына қолдау үшін жоба әзірледі. Атап айтқанда, дәрігерлерге – 5 миллион теңге, ал орта буын медицина қызметкерлеріне – 1 миллион теңге көтермеақы беру көзделген.
Дәрігерлерді материалдық қолдауға бағытталған жаңа мемлекеттік бағдарлама қажет. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, әрбір бесінші медицина қызметкері зейнетте. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облысында маман тапшылығы байқалады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.