«Қ-әрпінен қақалып, Ш-әрпіне шашаласың»,- деп жас ұстаз қазіргі Әліппені сынаған. Маңғыстаулық мұғалім 6-7 жас аралығындағы балалардың сауат ашуына алаңдаушылық білдіргені әлеуметтік желіде көпшілік талқысына түсіп жатыр. Осы орайда «бар кітаптың Атасы – Әліппеге» бұлай сын айтылуын орынсыз деп санаған оқулық авторлары мен Білім мазмұнын сараптау орталығының мамандары біздің тілшілерімізге ғылыми деректермен талдап айтып берді.
Естеріңізде болса, 1913 жылдан бері оқытылып келе жатқан Әліппе 2016 жылы мектеп бағдарламасынан алынып тасталып, оның орнына «Сауат ашу» оқулығы енгізілгенде қоғам мүлде құптамаған. 2021 оқу жылында «Әліппе» оқу бағдарламасына қайтып оралды. Осы кезде жұрт, шынымен, қатты қуанған еді. Алайда оқулықтың мазмұнына көңілі толмайтындар да бар екен.
АЙТОЛҚЫН АБИШБАЕВА, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ /тиктоктан/:
— Сауат ашу кетіп, қолымызға Әліппе тиді деп бөркімізді аспанға атып қуанып едік, алайда бұл үміт бізді ақтамады. Әліппенің ішіндегі әріптер оқушыны қызықтырып емес, қинап жібереді. Атап айтатын болсам, Р әрпіне риза болмайсың, Қ әрпінде қақаласың, Ш әрпінде шашаласың, С әрпінде сақауланасың. Мәтіндері мәнсіз, суреттері сәнсіз болып шықты.
Ұлт болашағына алаңдаймын деген ұстаз, тіпті қолданыстағы Әліппенің қайта жазылып шығуын сұрайды. Алайда нақты дәлел келтірмей-ақ, оның С әрпінен сақауланасың, тіпті Қ әрпінен қақаласың дегені сөзі кітап авторларын да қатты ойландырған сыңайлы.
ӘЗИЯ ЖҰМАБАЕВА, ПРОФЕССОР, «ӘЛІППЕ» ОҚУЛЫҒЫНЫҢ АВТОРЫ:
— Бұл Әліппе Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жазылды емес пе? Ар сөзінен басталатын бұл беттегі оқу материалдары оқушыларды даналыққа апаратын жарық жол емес пе? «Әліппенің бетіндегі С әрпі оқушыларды сақауландырады», — дейді. Шындығында, бұл пікір жаңсақ пікір деп айтар едік. Өйткені оқулықта берілген оқу материалдары оқушыларды жаңа сөздер – ас, аса, асау сан,сана, санау сөздерін дұрыс оқуға және сол сөздердің мағынасын түсінуге жетелейді.
Осылай деген «Әліппе»оқулығы авторларының бірі сын айтқан ұстаздың әрбір әрпіне түсініктеме берген. Айтуынша, білім теңізіне енді бас қойған оқушыларға қажеттінің барлығы осы кітапта.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Мына оқулықтардың арасында 1945 жылғы Әліппе де бар. Мұны біздің әкелеріміз мектепке барғанда оқыған. Бір қызығы, сол кездің өзінде оқушылар А әрпінен кейін Р әрпіне ауысқан. Қазір де осы әріп реті сақталған екен.
Шағым айтып, мәселе көтеретіндер де дәл осы әріп ретіне байланысты кездеседі екен. Олар «неге «А» әрпінен кейін «Ә» әрпі оқытылмайды деп жатады. Ұстаз шәкіртке дыбыс пен әріпті танытып қана қоймай, сол әріптерден сөз жасауды да қатар үйретуі керек. Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы мұны жақсы білген. Сол себепті өз «Әліппесінде» «А»-дан кейін «Р» әрпіне түсіп, екі-үш әріптен құралған «ар», «ара» сөздерін үйреткен, — дейді мамандар. Және 5 кезеңнен сарапталып, әбден сүзгіден өткен оқулық қана оқушыға жететінін айтады.
ГҮЛНӘР ӘРІНОВА, БІЛІМ МАЗМҰНЫН САРАПТАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Барлық келіп түскен қателер сараланады. Біз қатемен жұмыс істейміз. Сосын өңдеу жұмыстары болған кезде педагогикалық тұрғыдан, әдістемелік тұрғыдан қате табылған жағдайда, әрине, дұрысталады.
Пәндік сараптамалық комиссия қарап оқулықтың ең үздігі барлық критерийге сәйкестілігі тексеріліп барып қолданысқа енеді. Және оқулық 5 жылда бір рет шығарылады деп мамандар барлық ғылыми дәлелін ұсынса да әлеуметтік желіге шыққан ұстаз айтқанынан қайтпай отыр. «А-дан соң Р-ны оқытып, одан кейінгі әріптерді қосқанда жаңылпаш оқып кеттік», — дейді ол.
АЙТОЛҚЫН АБИШБАЕВА, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ:
— Одан кейін у әрпі кеткен. У әрпінде жаңылтпаш сияқты сөздер басталады. Мысалға келтіретін болсам, «Лаула, алау, лаула, Алаула, алау, алаула. Арала аула, Лаура». Бала түгілі біздің өзіміз жаңағы әріптерге келген кезде соқтығысамыз. Сол үшін де мен Р әрпінде риза болмайсың. Ш әрпінде шашаласың дедім.
Ақтау тұрғыны Айтолқын Абишбаеваның 10 жыл ұстаздық еңбек өтілі бар екен. Бұл – тәжірибеден кейін түйгені. «Ал 7 рет өлшеп, бір рет пішілген оқулықта мін жоқ деп отыр», — мамандар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.