Табиғаты қатал келетін Солтүстік Қазақстан облысында енді жыл он екі ай саңырауқұлақ өсіріп жатыр. Қалада толық циклді инновациялық ферма жұмысын бастады. Мұнда, жылына 2 жарым мың тонна шампиньон мен 4 мың тонна компост бапталады.
Шампиньон өсіру – өңір үшін таңсық құбылыс. Қалада толық циклді ферма іске қосылды. Алғашқылардың бірі болып мұнда Наталья Ясманова жұмысқа орналасты. Осыған дейін медицина саласында еңбек еткен ол қазір жаңа бағытты меңгеруде.
НАТАЛЬЯ ЯСМАНОВА – КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Бастапқыда ең үлкендерін тереміз. Артынша кішкентайлары жиналады. Жұмысым өзіме ұнайды. Асқан жауапкершілікпен ерекше күтім керек. Себебі дұрыс жұлмасаң, өнім бүлініп кетуі ықтимал. Әрі жанындағыларға зиян келуі мүмкін.
Цифрлық технологиямен жабдықталған нысан, жергілікті халықты арзан өніммен қамту және өңірлік азық-түлік белдеуін қалыптастыру үшін салынды. Жоба құны – 11 миллард теңге. Кешен толық қуатқа көшкенде елдегі саңырауқұлаққа деген сұраныстың 25%-ін қамтамасыз етеді. Осылайша сырттан тасымалданатын тауар көлемі азайып, аймақ импорттық тәуелділіктен арыла бастайды.
ЕКАТЕРИНА АСАЁНОК, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ:
— Ферма толықтай цифрландырылған. Әр камераның өзіндік климаты бар. Технологтар әлемнің кез-келген нүктесінен іште не болып жатқанын көріп, біле алады. Қажет болған жағдайда температураны, барлық процесті өзгерте алады.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын әртараптандырып, агроөнім саласын өңдеу үлесін 70 процентке дейін арттыруды тапсырды. Бұл ретте дайын өнім болашақта Қазақсаннан бөлек көрші Ресейге де экспортталады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.