Жасөспірімді зорлау ісі: Шымкент полициясы істі жабуға тырысқан

Шымкентте жасөспірімді 20 жастағы жігіт алып қашып, зорлаған. Алайда күдікті әлі күнге дейін жауапқа тартылмаған. Қыздың жақындары мұны құқық қорғау органдарының салғырттығымен байланыстырып отыр. Қазіргі таңда жәбірленуші тарап істі қайта қозғап, толыққанды тергеу жүргізуді талап етеді.
Оқиға үш жыл бұрын болған. 16 жастағы Түркістан қаласының тұрғыны әлеуметтік желі арқылы бір жігітпен танысқан. Біраз уақыттан кейін 20 жастағы жігіт оны әңгімелесуге шақырып, көлігіне отырғызады. Қыздың айтуынша, оның телефонын тартып алып, Шымкентке қарай алып кетеді. «Сонда жалдамалы пәтерге апарып, арам ойын жүзеге асырды», — дейді бойжеткен.

ЖӘБІРЛЕНУШІ (бетін жабу керек):
— Сол қолымен көкірегімді басып, шешіндіре бастады. Сөйтіп, өз киімін шешіп, зорлай бастады. Сөйтіп, маған айтты: «Қазір видео түсірем, өз еркіммен келдім деп айтасың. Әйтпесе бұл жерден шықпаймыз», — деді. Сол үшін мен амал жоқтан айттым.

Оқиғадан соң жігіт қызды Түркістан облысындағы ауылға өз үйіне алып барған. Қыздың туыстарына оның енді осы үйге келін болғанын айтып хабарлама жіберіпті. Жасөспірімнің әкесі қызын алып кетуге келген кезде, күдікті оған күш көрсетіпті. 70 жастағы ер адамның айтуынша, олар дереу полиция шақырып, ресми арыз түсірген. «Алайда құқық қорғау органдары күдіктіні қамауға алудың орнына, керісінше өзімізді шағымнан бас тартуға көндірді», — дейді жәбірленушінің әкесі.

ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ӘКЕСІ (бетін жабу керек):
— «Қызыңыз өзі қалам деп жатыр. Жігітті қаматы не қыласыз? Қызды үйге апарғанда не істейсіз? Ол бүлініп қойған. Үйге барған соң отырып қалады. Ешкім алмайды», — деп әңгіме айта бастады. Анасын кәмелетке толмаған қыздың қасына кіргізбей, 16 жастағы қызға 2 сағат нотация оқып: «Әке-шешең көніп тұр, сен жоқ деме, қаламын деп айт», — деген.

Сөйтіп, полиция сол жылы істі жылы жауып тастаған екен. Ал жасөспірім қыз күдіктінің үйінде үш ай бірге тұрады. Қыздың айтуынша, 20 жастағы жігіт оны оқуға жібермейді, ал шәкіртақысын тартып алып отырған. Күн сайын өзін де соққыға жығып отырды дейді. Тек үш айдан соң ғана қыз ол үйден қашып кетіпті. Қазір 18 жастағы қыздың отбасы құзырлы органдарға осы жайттың барлығын айтып қайта шағымданған.

ГҮЛАЙХАН ТҰРСУМАНОВА, АДВОКАТ:
— Сот сараптамасының қорытындысы бойынша қыздың пердесі бұзылғаны өз дәлелін тапқан. Тағы да арыз жаздық. Қазіргі таңда әлі жауап жоқ. Қазір өздеріңіз естіп отырсыздар ғой, қыздың өлімі болды, кәмелет жасқа толмаған қызды алып қашты – оның барлығы полицияның салғырттығынан деп санаймыз.

Ал бұл жағдайға қатысты полиция депаратменті арыз түскеннен кейін дереу сот-медициналық сараптама тағайындап, оның нәтижесінде дене жарақаттары немесе зорлық-зомбылық белгілері анықталмағанын жеткізді.

ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
— Тергеу барысында қатысушылар мен куәлар тыңдалды, бетпе-бет кездесулер жүргізілді, оқиға орнынан видеожазбалар зерттелді. Алынған мәліметтер қылмыс жасалғанын растамады.
Жинақталған барлық материалды ескере отырып, заң талаптарына сәйкес қылмыстық іс тоқтатылды. Қабылданған процессуалдық шешім прокуратура органдарымен келісілді.

Қыздың жақындары Бас прокуратура, басқа да құзырлы органдарға шағымданған. Олар істі қайтадан жергілікті органға жолдапты. Ал Шымкент прокуратурасы бұл жағдайға қатысты әлі пікір білдірген жоқ.
———————————————