Оқу-ағарту министрі бақылау жұмысын тапсырды. Нақты айтқанда, министр болып тағайындалғалы алғаш рет журналистер алдына шығып, көпшілікті алаңдатқан білім саласындағы реформалар жайлы сан сұраққа жауап берді.
Алгебра мен геометрия математика пәні болады. Физика, химия мен биология біріктіріліп, бір пән ретінде оқытылады. Дүние жүзі тарихы мен құқық негіздерін қосып, әлеуметтік ғылым деген атаумен бір пән өткізу керек. Былтыр осындай әңгіме шыққанда, мектеп пен мұғалім ғана емес, ата-ана да алаңдады. «Баланың білімі үстірт болып кетпей ме?» деген сауал көптің көкейінде тұрды. Бүгін Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту министрі пәндерді біріктіру реформасы тоқтатылғанын мәлімдеді.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
— Иә, бұл реформа тоқтатылды. Фундаменталды пәндер жеке-жеке оқытылуы керек. Бұл мұғалімдердің жүктемесіне де тікелей қатысты. Сондықтан біз бұл сұрақты ұстаздар қауымымен бірге талқыладық. Жағдайды жан-жақты сараптадық. Балаларымыз цифрлы заманда өмір сүрсе де, негізгі ғылымдарды терең меңгеруі үшін осы реформаны тоқтату жөнінде шешім қабылдадық. Барлық пән бұрынғыдай бөлек оқытылады. Пәндерді біріктіру болмайды.
Даулы бастама кадрлық шешімдерге де әсер етті. Реформаны қолдағандардың бірі Ыбырай Алтынсарин атындағы академияның бұрынғы басшысы қызметінен кеткен. Министр мұны оның жеке шешімі деп отыр.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
— Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті өзінің шешімімен қызметінен кетті. Бұған дейін үш пәнді біріктіруге байланысты реформаны тоқтатуға қатысты ұсыныс айтылған. Ол ұсынысқа, әрине, президент те көнбеді. Қабылданған шешімді өзгертпеуіне байланысты өзі осындай шешім қабылдады. Екінші мәселе, менің өзімнің командам жоқ. Мен тек көмекші және кеңесшімен келдім.
Мектептердегі тағы бір түйткіл – электронды күнделік. Кей өңірлерде жүйе аяқ астынан ауысып, ата-аналар да, мұғалімдер де әбігерге түсті. Министрлік оқу жылының ортасында мұндай өзгерістерге жол бермеуді ұсынып отыр.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
— Оқу жылы барысында, оның ортасында мұндай қолайсыздықтар болмауы тиіс. Егер қыркүйек айында оқу процесі бір LMS жүйесімен басталса, онда оны сол жүйемен аяқтаған дұрыс. Бірақ шешім жергілікті атқарушы орган деңгейінде қабылданды. Жауапкершілік те соларға жүктеледі.
Министрлік оқулықтардың сапасын да қайта тексеріп жатыр. Бұған Жоғары аудиторлық палатаның ескертпесі себеп. Алдымен оқу жоспарлары мен бағдарламалар сараланып, содан кейін оқулықтардың өзіне кезек келеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.