Ақтөбеде ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар наразылық білдірді. Олар «Дария» әлеуметтік дамыту орталығы жанындағы «Тең қоғам» жобасының жабылуына қарсы. Аталған жоба қаражаттың тапшылығынан 1 ақпаннан бастап өз қызметін тоқтатпақ. Бұған дейін демеушілер арқылы жұмыс істеп келген болатын. Ата-аналар енді жергілікті биліктен қолдау күтеді.
Жиылғандар бұл жоба ерекше күтімді қажет ететін балаларға да, өздері үшін де маңызды екендігін айтады. Осыдан алты жыл бұрын басталған жоба енді қаржының жоқтығынан жұмысын тоқтатпақ. Ақпан айында жабылса, олардың басқа барар жері жоқ. Себебі кәмелет жасына толғандар үшін Ақтөбеде мұндай арнайы орын біреу ғана. Ата-аналар осы жердегі үйірмелерде балалары үйреніп қана қоймай, өз орталарын да тапты дейді.
Бұл жерде балалармен және олардың ата-аналарымен психологтар жұмыс істеп келген. Түрлі шара да өткізіліп тұрған. Жоба 2022-2024 жылдары мемлекеттік сатып алуға байланысты уақытша жабылып, кейіннен қайта ашылыпты. Бұл жолғы мәселе тағы да қаржыға тіреліп тұр.
Ерекше күтімді қажет ететін балаларды бағып- қағып отырған ата-аналар бұл мәселеге жоғарыдан көңіл бөлінеді және жоба өз қызметін одан әрі жалғастырады деген сенімде.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.