Алматыда автобус жүргізушісінің қызмет кезінде жүрегі тоқтап қалған

Алматыда жүргізуші автобус жүргізіп келе жатып, жүрегі тоқтап қалған. Жолаушылардың бірі тежегішті басып, жедел тоқтатқан. Қайғылы жағдай Абылай хан даңғылы мен Саин көшесінің қиылысында болды. Автобус бағдаршамның қызыл түсіне тоқтаған сәтте жүргізушінің жүрегі ұстап, жағдайы күрт нашарлаған. Жолаушылардың бірі тежегішті басып, жол көлік апатын алдын алып үлгерген. Оқиға орнына жедел медициналық көмек шақырылғанымен, 55 жастағы жүргізушіні аман алып қалу мүмкін болмады. Марқұмның сол күні рейске дейін медициналық тексеруден өткені белгілі, автобус та техникалық тұрғыда жарамды болған. Автопарк өкілдерінің айтуынша, 2023 жылдың тамыз айынан бері жұмыс істеген, диспансерлік есепте тұрмаған, денсаулығына қатысты шағым да болмаған екен.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Өлімнің себептерін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалады. Алдын ала болжам бойынша, жүректің ақауы болуы мүмкін. Қылмыстың белгілері табылған жоқ. Қазіргі таңда Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тергеуді жалғастыруда.
———————————————