Солтүстік Қазақстан облысында 2024 жылы тасқыннан зардап шегіп, жаңадан үй алған 700-ге жуық отбасы әлі күнге дейін жер телімін заңдастыра алмай жүр. Тұрғындардың қолында жылжымайтын мүлікпен 10 сотық учаскенің иесі екендігін растайтын ешқандай құжат жоқ. Халық проблеманы айтып, талай мекеменің табалдырығын тоздырған. «Ал билік өкілдері болса түрлі уәдені үйіп төгіп, шығарып салады», — деп ашынады бұқара. Сары уайымға салынғандар сақылдаған сары аязға қарамастан, шу шығарды. Тіпті кездесуге қала әкімінің өзі жетіп келді.
Бұлқан-талқан болған бұқара аязда базынасын биліктегілердің бетіне басты. Айтуларынша, жаңа үйде тұрып жатқандарына бір жарым жылдан асқан. Дегенмен тұрғындар жылжымайтын мүлікке әлі иелік ете алмай келеді. Себебі қолдарында ешбір заңды құжаты жоқ.
Бұл жандардың жаңа үйге қоныстанғанымен, барлығы бұрынғы мекенжайы бойынша тіркеуде тұр. Мемлекеттік қызметті де тиісті деңгейде ала алмай жүр. Әсіресе зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыға қиын. Ал әкімдіктегілер құжат алмаспай жатып, тұрғындардың ескі үйлерін сүріп, орнына аллея салып тастаған.
ЕКАТЕРИНА ДЕГТЯРЁВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Ескі үй мен жерге әлі күнге дейін салық төлеп жатырмыз. Ол құжаттарды әкімдікке өткізбедік. Ал ондағылар учаскеге ағаш отырғызып, абаттандыру жұмысын жүргізді. Ал ертең билік ауысып кетсе не боламыз?
ЛИДИЯ УСАЧЁВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Жаңа үйдің сапасы нашар. Қабырғасы көгеріп кетті. Алайда бәрін өзіміз жөндеп алдық. Ал құжатты рәсімдеу мүмкін болмай тұр. Әкімдіктегілердің ертеңіне әбден тойдық. Емханаға барып қаралайық десек, тіркеуге тұрыңдар дейді. Сонда құжат болмаса, не істеуіміз қажет? Ешкім қабылдамайды. Ал менің 4 балам бар.
Халықтың талап-арызы бір. Олар мәселені біржақты етуді сұрайды. «Жерді әкімдіктің балансынан шығару қажет», — дейді. Ал бар жұмысты электронды жүйе тежеп тұр.
2024 жылы алапат тасқын кезінде басыбайлы баспанасынан айрылып, зардап шеккендерге деп демеушілердің қаржысына қала шетінен бүтін бір аудан бой көтерді. Екі жылға жуық уақыт шешілмеген сұрақты билік өкілдері енді үш айда толық ретке келтіреміз деп уәде етті.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.