ШҚО-да тасқын қаупі бар аумақтардың картасы жасалады

Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылары Шығыс Қазақстан облысының таулы аймақтарын әуе арқылы бақылап, өз көздерімен көріп қайтты. Қазір сол деректерді пайдаланып, мамандар Алтай тауларындағы қардың жиналу деңгейі мен су тасқыны қаупі бар барлық аумақтардың картасын жасауға кірісті. Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандары ерекше бақылануда. Бұл өңірлерде алдын алу шаралары қазірдің өзінде қолға алынған. Аймақта 28 бөгет пен дамба салынды және жөндеуден өтті, ондаған шақырым су бұру арналары тазартылды. Сонымен қатар 50-ге жуық гидробекет жасанды интеллект пен болжау жүйелерімен жабдықталды. Төтеншеліктер жағдайды тұрақты бақылауда ұстау қажет екенін айтады, себебі шығыс өңірлерде қар апталап жауады.
АЯУЛЫМ КЕКИЕВА, ТЖД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— Күнделікті облыс аумағының ахуал орталығында су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізіледі. Онда 49 гидропост бойынша мәлімет түсіп өңделеді. Әуеден барлау жұмыстары Бұқтырма өзенінің толық мұзы қатпағанын көрсетті. Казгидромет филиалының мәліметі бойынша өзендерде мұздың қалыңдығы – 25-30 см.
———————————————