Қ. Тоқаев: Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары азаймай тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг Агенттігінде жиын өткізді. «Жалпы, осындай қысқа мерзім ішінде көп жұмыс істелді, біраз тәжірибе жинақталды. Бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналды. Мұны табанды еңбек пен адал қызметтің нәтижесі деуге болады», — деген Президент құрылым қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Сондай-ақ Агенттік алдында көптеген күрделі әрі маңызды міндет тұрғанын, әсіресе қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін ойластыру қажет екенін айтты. Президент адамдарды түрлі алаяқтық схемаларға тартатын пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілік енгізу қажеттігін, қылмыскерлердің заңсыз жолмен тапқан жеке мүлкімен қатар, басқа адамдардың атына рәсімдеген мүлкі де мемлекетке қайтарылуға тиіс екенін қатаң тапсырды. Сондай-ақ әлеуметтік салаға бөлінген қаражат әлеуметке қызмет ету керектігін ескертті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар. Тіпті аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп тамырымен жою керек. Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары азаймай тұр. Мұндай заңсыздыққа тосқауыл қою қажет. Мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізуде. Түптеп келгенде, көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Бұл –өте өзекті, аса маңызды міндет. Қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет белгілі. Бұл – мемлекет қаржысының тек ел игілігіне жұмсалуын қадағалау.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал