Қазақстанда үш жел, бір күн электр станциясы салынады

Елімізде төрт бірдей жаңартылатын электр станциясы салынбақ. Бұл жоба қуат тапшылығын біршама азайтады. Тіпті электр энергиясын өндіруде елдің экспорттық әлеуетін арттыруға да мүмкіндік бермек. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Мәжілісте Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару мәселесі талқыланды. Құжатқа сәйкес, ел аумағында үш жел электр стансасы және бір күн электр стансасы салу көзделген. Бұл маңызды жобалар Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында жүзеге асырылады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың мәліметінше, бұл бастама аясында 100-ден астам тұрақты жұмыс орны, сондай-ақ бір жарым мыңдай уақытша еңбек орны ашылмақ. Жобаларға шамамен 2 миллиард доллар инвестиция тарту жоспарланып отыр.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
— Көмірсутектерді тұтыну көлемі азаяды. Бұл – шамамен 2,5 миллиардқа дейінгі үнем. Мысалы, Қостанай облысында қуаты 1 гигаватт болатын станция салынды. Оның тарифі – 3,6 цент. Ал жел электр стансаларындағы тариф одан да төмен – шамамен 3,56 цент.

Осылайша, биыл елімізде бірқатар ірі энергетикалық нысан пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, Алматыдағы екі жылу электр орталығы толықтай газға көшеді. Бұл экологиялық ахуалды жақсартып, ауа сапасына оң әсерін тигізбек. Жобаның жалпы қуаты – 1100 мегаватт. Сонымен бірге Түркістан және Қызылорда облысында газ электр стансаларын іске қосу жоспарланған. Жаңа нысан еліміздің солтүстік және оңтүстік өңіріндегі қуат тапшылығын азайтады.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
— Келесі жылы бірқатар электр стансаларының жекелеген бөлігін пайдалануға береміз. Сонымен қатар Екібастұз көмір бассейнінде жаңа электр стансаларының құрылысы басталады. Бұдан бөлек, оңтүстік өңірлерде жаңартылатын энергия көздері кезең-кезеңімен іске қосылады.

Қазіргі таңда еліміздің оңтүстік энергетикалық аймағында 2400 мегаваттан астам қуат тапшылығы бар. Жоспарланған жобалар бұл мәселені алдағы екі жыл ішінде айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Мәжіліс депутаттары жобаларды іске асыру кезінде қазақстандық компаниялардың қатысу үлесіне ерекше назар аударды. Сондай-ақ еліміздің климаттық ерекшеліктерін ескеру қажеттігі де көтерілді.

ДҮЙСЕНБАЙ ТҰРҒАНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Электр энергиясы KEGOC компаниясының магистральді желілері арқылы тасымалданатынын ескере отырып, жаңартылатын энергия көздері бойынша ірі жобаларды осы желілерге қосу шарттары қандай? Сондай-ақ келісім аясында электр энергиясын жинақтауға арналған батареялық жүйелерді пайдалану көзделе ме?

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
— Түркістан облысындағы күн электр стансасына техникалық шарттар берілді. Қарағанды облысындағы қуаты 500 мегаватт болатын жобаға да тиісті рұқсаттар бар. Павлодар облысындағы жобалар бойынша барлық техникалық шарт толықтай рәсімделді.

Мамандардың айтуынша, 2027 жылдың бірінші тоқсанынан бастап Қазақстан көршілес мемлекеттерге тәуелділіктен құтылады. Ал 2029 жылға қарай еліміз энергетикалық тұрғыдан толықтай қамтамасыз етіп, тіпті экспорттауға мүмкіндік алады. Бұл жобалар Қазақстанның 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру елеулі үлес қоспақ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал