Шымкентте балабақша тәрбиешісіне қатысты іс қозғалды.
Әлеуметтік желіде №59 «Айша» балабақшасының жатын бөлмесіндегі бейнебақылау камерасынан түсірілген видео тарады. Кадрда тәрбиешінің балаларды мәжбүрлеп ұйықтатпақ болып, ине көрсеткені анық көрінеді. Айта кетейік, бұл – жекеменшік емес, мемлекеттік балабақша.
Полиция департаментінің хабарлауынша, ата-аналардың шағымынан кейін педагогқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қазір істің барлық мән-жайын толық және жан-жақты анықтауға бағытталған жедел және кешенді тергеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар полиция тарапынан білім басқармасына балабақша меңгерушісін қызметінен шеттету және тәрбиешіні жұмыстан босату ұсынылды. Оқиғаға қатысты жедел кеңес өткізілді. Оған прокуратура, полиция, қалалық білім және денсаулық сақтау басқармасының, балабақша қызметкерлері мен ата-аналар қатысты.
КҮЛЗИНА УӘЛИХАНОВА, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Балабақшаның «Бәйтерек» мектепалды тобының тәрбиешісі Р.М. тарапынан балаларға қатысты психологиялық және физикалық қысым көрсету белгілері – шприцпен қорқыту, қол көтеру анықталғаны жөнінде мәлімет түсті. Оқиғаның барлық мән-жайы құқық қорғау органдары мен білім басқармасы тарапынан жан-жақты әрі объективті түрде зерделенуде. Тергеу нәтижелері бойынша заңнамаға сәйкес тиісті құқықтық баға беріледі. Аталған мәселе Шымкент қаласының білім басқармасының қатаң бақылауында.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.