Астанадағы мектептердің бірінде масқара жағдай. Екінші сыныптың оқушылары жаңадан келген сыныптасын жақтырмай, WhatsApp-чатта айтуға ауыз бармайтын ауыр сөздер жазған. Бұл жайтты оқушының анасы кездейсоқ біліп қалған. Көпшілікке жария қылғаны үшін қазір оған өзге ата-аналар қысым көрсетіп жатыр. Буллингті қалай тоқтатуға болады? Балалар психологы не дейді?
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— «Әсел жынымды келтіреді, оны өлтіргім келеді. Көрге көмгім келеді. Қиналсын». Екінші сынып оқушылары WhatsApp-чатта осы сипаттағы сөздерді жазған. Мұны ата-ананың бірі байқап қалып, дабыл қаққан.
Бастауыш сыныпта оқитын үш оқушының сағат түнгі онда ортақ чатқа жазған әңгімесі – осы. Оқысаң, төбе шашың тік тұрады. Сегіз жастағы оқушылар сыныптасын жерден алып, жерге салған. Айтуға ауыз бармайтын ауыр сөз жазған. Буллингтің құрбаны жақында ғана басқа қаладан көшіп келген қыз бала екен.
ЛИЛИЯ ҚАЙЫРБЕКОВА, ҚЫЗДЫҢ АНАСЫ:
— Қызымның аты – Әсел. Чатта оның есімі қайта-қайта жазылған. Оған не істемек болғанын дауыстап айтуға да қорқамын, сөздері өте қорқынышты. Ешкім мұны 2-сынып оқушылары жазғанына сенбейді, бірақ расымен солай. Менің балам ол чатта жоқ. Онда үш қыз бар, кейін бір ұлды қосқан. Сол ұлдың анасы маған хабарласып, бәрін көрсетті. Дүйсенбі күні жұмыстан кейін мектепке бардым. Жиналыс кезінде ата-аналар маған жабылды. Бұл оқиғаны жария еткенің үшін өзің кінәлісің деді.
Анасының айтуынша, жаңа мектепке барған санаулы күннің ішінде сыныптастары қызды бірден шеттете бастаған. Асханада, дәлізде, дене шынықтыру сабағы кезінде мазақтап, тиісе берген. Ал мектеп басшылығы білім ордасында буллинг жоқ деп азар да безер. Чат ашып, сыныптасын жамандаған қыздарды мұғалім өте тәрбиелі, сабақта озат, тұрмысы жақсы деп сипаттайды.
МАҚПАЛ КЕРЖИКЕЕВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қыздар мойындады. Бұл жерде балалар ғой, мүмкін жазған текстін өздері жартылай түсінбеген шығар. Агрессия емес. Жазуларына қарағанда, қыздар сыныптағы ұлдарын қызғанып жазғандай. Бірақ қыздармен сөйлескенде агрессия сезім болған жоқ. Бұны енді буллинг деп те айтуға болмайды. Өйткені ол қыз мектепте, сыныпта өзіне қатысты ешқандай қысым көрген емес.
«Бала буллингке ұшыраған кезде ата-ананың ең бірінші міндеті – оны қорғау», — дейді психолог Ержан Мырзабаев. Эмоцияға берілмей, жағдайды бірден сынып жетекшісіне, мектеп әкімшілігіне хабарлау керек. Содан кейін ата-анасымен сөйлесу керек. Мәселе шешілмесе, полицияға арыз жазуға құқылы. Біз оқушылардың чаттағы әңгімесін психологқа көрсетіп, мұның мәнін сұрадық.
ЕРЖАН МЫРЗАБАЕВ, ОТБАСЫ ПСИХОЛОГЫ:
— SMS-терге қарап, балалардың бойында қанша агрессия бар екенін көре аламыз. Бірақ балалалардың агрессиясы – ішкі агрессиядан гөрі біреуге еліктеу агрессиясы. Өйткені жазып жатқан сөздер, айтып жатқан нәрселер, қолданып жатқан сөздер 2-сыныптың баласы қолданатын дүние емес. Баланың психикасы қалай жұмыс істейді? Бала ересек адам сияқты ашу, ыза, реніш, қызғаныш сияқты сезімдерді сезінеді. Бұл – қалыпты жағдай. Бірақ оларды көрсетудің жолдарын айналасынан үйренеді. Мысалы, әке-шешесі ұрысқан кезде, ашуланған кезде қалай әрекет етеді.
Психолог баланың телефонын жиі тексеріп отыруға кеңес береді. Астана білім басқармасы да бүгін осындай үндеумен шықты. Балалар қандай қосымшаны қолданады, кімдермен хат алмасады, қандай топқа тіркелген – мұның бәрі назардан тыс қалмауға тиіс. Интернеттегі әдеп нормасы, қауіпсіздік ережесі мен жауапкершілік жайлы балаға қайта-қайта түсіндіріп отыру қажет.
АЯЖАН АМАНТАЙҚЫЗЫ, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Бұл жағдай балалардың үйдегі интернеттегі әрекетін бақылаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Сыныптас достарына әлеуметтік желі арқылы бейәдеп сөздер жазған оқушылардың ата-аналарына тиісті айыппұл салынды.
Оқиғадан кейін мұғалімдер полиция инспекторын шақырып, балалар мен ата-аналарды жинап, профилактикалық әңгіме жүргізген. Үш қыздың бірінің ата-анасы кешірім сұраған. Ал екеуі баламыздың аты-жөнін көпшілікке жария қылдың деп қарсы шығып отыр. Енді қысым көріп отырған ата-ана полицияға шағымданбақ.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.