Денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістерге байланысты әсіресе қант диабетіне шалдыққан науқастар үшін қиындықтар туындауы мүмкін. Қоғам белсенділері бұл науқастарды әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне қайта қосу қажет деп санайды.
Қазақстанда бірінші типтегі қант диабетіне шалдыққандар саны 500 мыңнан асады. Оның 10 пайызы – бала. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі реформаланғаннан кейін және бұл ауру әлеуметтік маңызы бар дерт тізімінен шығарылған соң, мұндай науқастардың болашағы қиындай түсті десе де болады. «Сондықтан қант диабетімен ауыратындарға мемлекет әлеуметтік қолдауын жалғастыруы қажет», — дейді қоғам белсенділері.
РУСЛАН ЗАКИЕВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
— Мемлекет бізге: «Сізде диагноз бар, сіз мына жерде де, ана жерде де жұмыс істей алмайсыз», — дейді. Бірақ соған қарамастан, бәрімен бірдей төлеуің керек. Егер денсаулық сақтау саласындағы барлық нормативтік-құқықтық актіні талдайтын болсақ, бірінші және екінші типтегі қант диабеті көбіне бірдей қарастырылады, бір тармақтарға енгізіледі. Ал шын мәнінде, эндокринология тұрғысынан да, халықаралық тәжірибе бойынша да бұл – екі түрлі ауру.
Дәрігерлер де атауы ұқсас болғанымен, бұл диагноздардың даму механизмі мен емдеу тәсілдері мүлде бөлек екенін растайды. Жалпы, қант диабеті Қазақстанда инфаркт пен инсульттің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Бұл ауру елдегі барлық соқыр болып қалу жағдайларының 28 пайызына және гемодиализді қажет ететін созылмалы бүйрек ауруларының жартысынан астамына себеп болуда.
ДИНА ТӨЛЕГЕНОВА, ДӘРІГЕР-ЭНДОКРИНОЛОГ:
— Қант диабеті – қандағы глюкоза деңгейінің 6 және одан жоғары көтерілуі. Ол екі түрге бөлінеді. Бірінші типте инсулин мүлде бөлінбейді, көбіне балалар мен жастар ауырады. Ауру қатты шөлдеу, салмақ жоғалту, ауыздың құрғауынан басталады. Бұл жағдайда тек инсулин терапиясы көмектеседі. Ал екінші типтегі диабет біртіндеп дамиды, көбіне белгілерсіз өтеді. Инсулин бөлінеді, бірақ ағза оны қабылдамайды. Мұнда диета мен таблеткалар тағайындалады.
Қалай болғанда да, Қазақстандағы қант диабетінің мәртебесіне қатысты мәселе әлі де жіті қарастыруды талап етеді. Қоғамдық ұйымдар өмірлік маңызы бар медициналық көмектің қолжетімділігін сақтау үшін реформаларды қайта қарау керек десе, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері: «Алаңдайтын жағдай емес», — деп отыр.
ӘСЕЛ ХАСЕНОВА, ДСМ ОРТАЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ:
— Қант диабетінің бірінші де, екінші де типі әлеуметтік маңызы бар аурулар тобынан шығарылып, амбулаторлық деңгейде бақылауға болатын аурулар тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда қажет технологиялар жеткілікті, амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де жолға қойылған. Сондықтан бұл ауруды бақылауға мүмкіндік бар. Науқастарға 4 750, тіпті 5 000 теңге төлеу үлкен мәселе деп есептелмейді, сондықтан мұндай дүрбелең тудырудың қажеті жоқ.
Ведомство өкілдерінің айтып тұрған сомасы – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін ай сайынғы жарна. Төлей алмаған жағдайда мемлекет қарастырған D және E әлеуметтік санаттары бар. Яғни жаңа тәртіп бойынша, жергілікті атқарушы органдар төлейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.