Алматылық химия пәнінің мұғалімі әлемдегі ең үздік 50 ұстаздың қатарына енді. Ерен еңбегімен көзге түскен педагогты ел Президенті құттықтады.
Татьяна Белоусова Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінде 41 жыл бойы химия пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Ол бұл білім ордасына қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдағаннан кейін жолдамамен келген.
Татьяна Геннадьевнаның химия пәніне деген қызығушылығы мектеп қабырғасында қалыптасқан. Бүгінде ол өзі де бар күш-жігерін салып, күрделі әрі қиын химия пәнін әрбір оқушыға түсінікті де қызықты етіп жеткізуге, балаларды осы пәнге баулуға тырысып келеді.
ТАТЬЯНА БЕЛОУСОВА, ХИМИЯ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:
— Химияны оқи бастаған кезімізде мені ерекше таңғалдырған екі нәрсе болды. Біріншісі, «химия» деген сөздің өзі, ол менің санамды бірден баурап алғандай әсер етті. Екіншісі, сол кезде де, қазір де мені таңғалдыруын тоқтатпаған Менделеевтің периодтық жүйесі. Мен оқушыларыма осы пәнге деген сүйіспеншілікті дарытуға тырысамын, өйткені өзім химияны шексіз жақсы көремін. Әрине, мен үшін бұл – ең басты пән, сондықтан да оған деген махаббатты шәкірттерімнің бойына сіңіру үшін көп еңбек етемін.
Халықаралық Global Teacher Prize байқауының нұсқасы бойынша әлемдегі ең үздік педагогтердің тізімі өткен жылдың желтоқсан айында жарияланды. Жер шарындағы ең мықты ұстаздардың қатарынан отандасымыз Татьяна Белоусова да табылды. Ұстазды бірегей жетістігімен Мемлекет басшысы да арнайы құттықтады.
ТАТЬЯНА БЕЛОУСОВА, ХИМИЯ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:
— Мен үшін әлемдік деңгейдегі мойындау өте маңызды болды, сондай-ақ Қазақстанның да дамуын қалаймын, өйткені мен осы жерде тудым және осы жерде жұмыс істеймін, бұл менің сүйікті елім. Яғни, мен еліміздің атынан әлемде нық орын бекіткім келеді, сонда олар Қазақстанда керемет мұғалімдер бар екенін біледі. Сонымен бірге әріптестерімнің осындай байқауларға қатысуға ынтасы арта түсер еді.
Халықаралық байқау он жылдан бері өткізіліп келеді. Іріктеу – кәсіби портфолио ұсыну, жетістіктерін дәлелдеу және халықаралық қазылар алқасымен сұхбаттасу сынды бірнеше кезеңнен тұрады. Әріптестері оның бұл жетістікке лайық екенін айтады. Ал оқушылары үшін бұл жаңалық аса таңғаларлық емес, себебі олар ұстаздарының шын мәнінде үздік мұғалім екенін жақсы біледі.
ӘМІР ӘШІМОВ, ОҚУШЫ:
— Ол өз пәнін керемет үйретеді және барлығын қарапайым тілмен түсіндіреді. Соның қарасында мен өмірімді химиямен байланыстырғым келеді.
Қазақстан Global Teacher Prize байқауына бесінші рет қатысып отыр. Осы уақыт аралығында отандық педагогтер биылғы жылды қоса алғанда, үш мәрте әлемдегі ең үздік 50 мұғалімнің қатарына енді. Финалистерді марапаттау рәсімі ақпан айының басында Дубайда халықаралық білім беру форумы аясында өтеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.