Жеке мектептерге берілетін мемлекеттік қолдау қайта қаралады

Жекеменшік мектепті қаржыландыру ережесі өзгереді дегелі елдегі жеке мектеп қожайындарынан маза қашты. Жекелеген оқу орындарының қателігі кесірінен кейбірі мемлекеттік тапсырыстан айырылуы ықтимал. Бұл жағдай білім жүйесіне қалай әсер етуі мүмкін?
Астананың шетіндегі мына жеке мектепте 175 бала оқиды. Ата-анасы айына 230 мың теңге төлейді. Бұған қоса, 50 мың теңгені оқушының тамағына деп мемлекет береді. «Егер бұл көмек тоқтаса, тамақтың құнын ата-ананың қалтасынан алуға мәжбүрміз», — дейді мектеп басшысы.

ІНЖУ-МАРЖАН ҚУАНБАЙ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Кейбір бизнесмендер ашқан мектептерде төлем жағы басқаша. Мүлдем басқаша қарастырылады. Ал біз тек бір оқушыға 50 мың теңге көлемінде аламыз. Бірақ ол 50 мың теңгені жай мектепке барса да, түскі асына алады. Ал біз 4 мезгіл тамақтандырамыз.

Мектеп иесі жекелеген оқу орындарының қателігі кесірінен адал еңбек етіп отырғандар субсидиядан айырылғаны әділетсіздік деп есептейді. «Мейрамхана, моншаны былай қойғанда, зәулім коттеджды мектепке айналдыру дұрыс емес», — дейді депутаттар.

ЮЛИЯ КУЧИНСКАЯ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Мен тұратын үйдің қарсы бетінде үш бірдей жекеменшік мектеп бар. Ол жақсы ғой. Ата-аналар баласын соған беруге ұмтылады. Бірақ менің тереземнен қарағанда, ол – үш коттедж ғана. Оларды толыққанды мектеп деп атауға бола ма? Онда сапалы білім алуға жағдай бар ма? Мысалы, дене шынықтыру сабағы. Балалардың спортпен айналысатын жері жоқ.

Депутаттар жекеменшік мектептерді қаржыландыру процесі мұқият бақыланса, қаржы ұрлауға жол берілмес еді деген пікірде.

ИРИНА СМИРНОВА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Егер мемлекет қазынада ақша жоқ болса, оны ашық айтып, төлей алмаймыз деуі керек. Бүйтіп жекеменшік мектептерге қысым көрсету, меніңше, дұрыс емес. Жекеменшік мектептердің көбі заңбұзушылықты шенеуніктермен бірге жасайды. Оған мыңдаған мысалым бар.

Президенттің жекеменшік мектептерге қатысты сынынан кейін Оқу-ағарту министрлігі қаржыландырудың жаңа тәртібін жариялады. Мемлекеттік тапсырыс енді тек орын тапшылығы бар өңірлерге беріледі. Қымбат, элиталық жекеменшік мектептер бюджеттен ақша алмайды.

ШЫНАР АҚПАРОВА, ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Ең бірінші, мемлекеттік мектептер жоқ жерге, екінші, апатты жағдайдағы мектептерге, сонымен қатар үш ауысымды мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастырылады.

Ал наурыздан бастап мектептердің лицензиясын Бас прокуратура тексереді. Министр жүйені сапасыз мектептерден тазалаймын деп бекініп отыр.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
— Біз үш негізгі талапты қойып отырмыз: бірінші – білімнің сапасы, екінші – мұғалімдердің қамтылуы мен біліктілігі, үшінші – балалардың қауіпсіздігі. Осы үш талапқа сәйкес болса, олардың лицензиясы қалады. Осы үш талапқа сәйкес болмаса, онда постлицензиялық бақылаудан кейін құзыретті органдар өзінің шешімін қабылдайды.

Жекеменшік мектептер бес жылда мемлекет қазынасынан 248 миллиард теңге алған. «Кәсіпкерлерді тексеруге мораторий қойылғандықтан, қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалау мүмкін болмады», — дейді министрлік өкілдері. Былтырғы тексеріс 65 жеке мектептің мемлекеттік тапсырысты дұрыс орындамағанын көрсеткен. Салдарынан 500 млн теңге бюджетке қайтарылды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал