Енді тұрғындар ипотекалық несиелерін ерте жаба алады

Енді тұрғындар ипотекалық несиелерін ерте жаба алады. Елімізде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасын тиімді жұмсаудың жаңа тәртібі іске асырылады. Яғни зейнетақы жинақтарымен ипотекалық қарызды азайтуға мүмкіндік бар. Оның талаптары қандай?
Зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану тәртібі өзгерді. Енді зейнетақы қорынан алынған қаражат тек негізгі қарызды өтеуге ғана бағытталады. Яғни бұдан былай зейнетақы шегінен асқан соманы ай сайынғы қарыз төлеміне жұмсауға болмайды. Жаңа өзгеріс Өнеркәсіп және Құрылыс Министрлігімен бекітілді.

ЖАНБОЛАТ ҚАУМЕНОВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ БАНК ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Ай сайынғы төлем егер 70 мың теңге болса, оның 60 мың теңгесі негізге қарыз болса, жаңа өзгерістерге сәйкес, қолжетімді зейнетақы төлемдері банк берген негізгі қарыз сомаларына жіберіледі.

Бұл қызметті жаңа ережеге бейімдеу үшін банк өтінім қабылдауды 31 қаңтардан 2 наурызға дейін тоқтатпақ. Ал бұл мерзімге дейінгі жөнелтілген сауалдар бұрынғы тәртіппен қаралады.

ЖАНБОЛАТ ҚАУМЕНОВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ БАНК ӨНІМДЕРІ МЕН ТЕХНОЛОГИЯЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Бұрын берілген арыздар бұрынғы ережелер бойынша қарастырылып, ақша беріледі. Оларға ешқандай өзгеріс жоқ. 2 наурыздан кейін бұл операциялар жаңа шартпен өткізіледі. Клиенттер тек таза қарыз сомасын өтей алады.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама азаматтарға зейнетақы жинақтарын бұрынғыдан да тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек. Яғни несиені мерзімінен бұрын жабуға жол ашады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал