Атырауда облысында қайтарылған активтер есебінен мектеп пен интернат салынып жатыр

Атырауда облысында қайтарылған активтер есебінен екі нысанның құрылысы жүріп жатыр. Қызылқоға ауданына қарасты Жамансор ауылында 80 орындық мектеп пен 30 орындық интернат бой көтеруде. Қазір ауылдағы жоғары сынып оқушылары көрші аудандарға барып оқуға мәжбүр. Жаңа нысан берілсе, мәселе шешімін таппақ. Сондай-ақ Құрманғазы ауданында МРТ құрылғысына арналған ғимарат салынып жатыр.
Жамансор ауылында қазір 700-ге тарта тұрғын бар. Бастауыш сыныпта оқитын 70 бала 15 жыл бұрын салынған мына аядай мектепте білім алып жүр. Талапқа сай мектептің жоқтығы жоғары сынып оқушылары үшін күрделі мәселеге айналған. Олар жақын орналасқан Мақат және Мұқыр кенті мен Құлсары қаласында оқуға мәжбүр. Қыста көрші аудандарға қатынау қиындайды. Оған қоса қалтаға салмақ түседі.

АҚНИЕТ САХИҰЛЫ, ЖАМАНСОР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Балалардың көп бөлігі Доссор елді мекеніндегі интернатта, туысқандары барлар Мақат елді мекенінде, бір бөлігі Мұқыр елді мекенінде оқиды. Ол балалардың демалыс кездерінде, каникул кездерінде ауылға келіп-кету қиындығы бар.

ЖАНАРГҮЛ ЖҰМАҒАЛИЕВА, ЖАМАНСОР БАСТАУЫШ МЕКТЕБІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Біздің 5-11 сынып арасындағы 60-қа жуық оқушымыз апта сайын ауылға қатынап тұрады. Көпбалалы аналар бар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Осы уақытқа дейін солардың қалталарына үлкен салмақ салынып келді.

Биыл қайтарылған активтер есебінен ауылда 80 орындық мектеп пен 30 орындық интернаттың құрылысы басталды. Ақжолтай хабарды тұрғындар көптен күткен еді. Қазір мектептің төбесі жабылып жатыр. Ал интернаттың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

ДМИТРИЙ НАЗАРЕНКО, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:
— Құрылысты биыл көктемде бастадық. Жалпы жұмыстың 80 проценті аяқталды. Алаңда 11 техника мен 53 адам жұмыс істеп жатыр.

«Жаңа мектеп заманауи оқу орындарынан кем болмайды», — дейді жауаптылар. Спорт зал, асхана, мединицалық пункт және соңғы үлгідегі зертханамен қамтылады. Дегенмен ауа райының қолайсыздығына байланысты құрылыс жұмыстары баяулаған.

Жамансордағы мектептен бөлек Құрманғазы ауданындағы емхана жанынан МРТ құрылғысына арналған ғимарат бой көтеруде. Бұл да қайтарылған активтер есебінен салынып жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал