Ақтөбеде қоғамдық көліктер толығымен электробустарға ауыстырылмақ

Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көліктер болашақта толығымен электробустарға ауыстырылмақ. Қазір облыс орталығына осындай 20 көлік әкелінсе, жыл соңына дейін олардың саны 55-ке жетпек. Алайда әкелінген көліктердің желіге қашан шығатыны нақты белгісіз болып тұр. Жергілікті билік қаңтар айында тұрғындар заманауи көліктермен жүреді деп сендірген еді. Жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындар бұл мерзім ақпан-наурыз айларына дейін созылуы мүмкін дейді. Бұған не себеп?
Ақтөбеде ауаның ластануы белгіленген шекті мөлшерден жиі асып кетеді. Оның басты себебі өңірдегі ірі кәсіпорындар мен күн санап көбейген көліктерге қатысты. Қазір қала бойынша 6 кәсіпорынға тиесілі 46 бағытта жолаушы тасымалданады. Күнделікті 350-355 автобус желіге шығады. Алайда олардың басым бөлігі ескірген. Бензин және дизельдік отынмен жүретін олардан ауаға түрлі зиянды қалдық шығады. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында қоғамдық көліктерді заманауи электробустарға ауыстыру жұмыстары басталды. Ақпан айында алғашқылары желіге шығады деп күтілуде.

Әкелінген электробустар екі түрлі: екі және үш есікті. Сыйымдылығы – 80-90 жолаушыға дейін. Құны 150-170 миллион теңге шамасында. Салқындатқыш, бейнебақылау, пандус, өзге де қосымша жабдықтар орнатылған. Кәсіпорындар біртіндеп осы көлік түрлеріне толық көшуді көздеп отыр. Биыл қалада осындай 55 көлік алынбақ. Алды келіп те жатыр. Бірақ, олардың желіге шығуы кешігетін түрі бар. Себебі электробустарды қуаттайтын станциялар әлі де орнатылмаған.

АСҚАР САБАНТАЕВ, СЕРІКТЕСТІКТІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Наурыздың басында жібереміз деген ой бар. Оған дейін қалған автобустарымыз да келіп үлгеруі керек. Арнайы мамандар келіп бізді үйретуі керек. Наурыз айына деп болжап отырмыз.

Бұл – Ақтөбедегі жолаушы тасымалдау саласындағы алғашқы жағымды жаңалық. Еліміздегі ірі шаһарлар мен көршілес өңірлерде электробустар бұған дейін қолданысқа енгізілген. Тұрғындар оны асыға тосып жүр. «Ең бастысы, қоршаған ортаға шығарылатын түрлі зиянды қалдықтар азайып, таза ауамен тыныстайтын боламыз», — дейді олар.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал