СҚО-да тасқынға қарсы шаралар басталды

Солтүстік Қазақстан облысында тасқынға қарсы шаралар басталды. Есіл өзені бойында орналасқан елді мекендерде бақылау күшейтіліп, бөгеттер нығайтылуда. Ал жылда көктемде аралда қалатын Прибрежное ауылында көпір тұрғызылып жатыр. Себебі қар еріп, су көтерілгенде бұл ауыл халқы қайықпен қатынайтын еді. Тақырыпты осы өңірдегі әріптесім Самат Қайырденұлы баяндасын.
Зейнеп Тәнібаеваның баспанасы ауыл шетінде орналасқан. Жылда көктем жақындаған шақта одан маза қашады. Себебі осыдан екі жыл бұрын болған алапат тасқын әлі есінде. Ол кезде кейуананың үйі бүлініп, құстары қырылып қалған. Биыл да үрей құшағында отыр.

ЗЕЙНЕП ТӘНІБАЕВА, ПРИБРЕЖНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Біз ЧС-тің машинасымен жүрдік. Қайықпен жүздік. Көп қиыншылық көрдік. Қаламен байланыстыратын асфальт жол өте төмен. Енді осы көпір тезірек салынып бітсе, ауыл халқына қауіп төнбейді деген ойдамын.
Прибрежное – 500-ден астам түтіні бар қала іргесіндегі ауыл. Бүгінде мұнда мың жарымға жуық адам тұрады. Жыл сайын Есіл өзені тасыған кезде елді мекен аралда қалып, байланыс үзіледі. Сондықтан көлік қатынасы шектелмеуі үшін мұнда көпір салынып жатыр.

МҰРАТ ХАРСИЕВ, МЕРДІГЕР:
— Қазір жер қазу жұмыстары жүріп жатыр. Қажет материалдардың барлығы бар. Алдағы уақытта екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшеміз. Себебі күн жылынғанша көпірдің қаңқасын тұрғызып үлгеруіміз керек. Ол үшін адам, техника бәрі жеткілікті.

Жалпы Қызылжар ауданында биыл 10 ауылды су басуы мүмкін. Олардың барлығы қазір қатаң бақылауға алынды.

АЗАТ ЫБРАЕВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Су тасқына қарсы шаралар Қызылжар ауданында жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Есіл жағасында орналасқан елді мекендердің бөгеттері салынған. Ең қауіпті елді мекен: Бескөл, Прибрежное, Типличное ауылының дамбалары бетондалған.

Көпірдің жалпы ұзындығы 2 шақырым болады. Оның құрылысына ел қазынасынан 4 миллиардтан астам қаржы бағытталды. Сәтін салса, нысан жыл соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал