Нипах вирусы: ел шекарасындағы бекеттерде санитарлық бақылау күшейтілді

Ел шекарасындағы барлық өткізу бекетінде санитарлық бақылау күшейтілді. Бұған Үндістандағы эпидемиологиялық жағдай себеп. Онда Нипах вирусын бес адам жұқтырған. Біреуінің жағдайы аса ауыр. Біздің елде бұл ауруды жұқтыру немесе елге әкелу дерегі тіркелген жоқ. Дегенмен санитар-дәрігерлер әуежайда сақтықты күшейтіп, вирус жұқтырған адам анықталса, қалай әрекет ететінін пысықтады.
Азия елдерінде Үндістаннан келетін жолаушылар қатаң тексеріліп жатыр. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан билігі де мемлекеттік шекарадан өту пункттерінде медициналық бақылауды күшейтті.

ДИНАРА ӘДІЛХАНОВА, КӨЛІКТЕГІ СЭБД БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Барлық өткізу пунктінде Үндістаннан халықаралық рейстермен келетін жолаушылардың дене қызуы қашықтан өлшеніп жатыр. Маска тағу режимі енгізілмейді, себебі науқаспен тікелей байланыс болған жағдайда, бірге тұрған немесе күтім жасаған кезде ғана жұғу қаупі жоғары.

Денсаулық сақтау ұйымдары толық дайындық режиміне көшірілді. «Инфекциялық стационарлар, жедел жәрдем бригадалары, дәрі-дәрмек, жеке қорғаныш құралдары жеткілікті», — дейді эпидахуалға жауапты комитет мамандары. Қауіпті инфекция күдігі туындаған жағдайда науқасты жедел оқшаулау және емдеу алгоритмдері бекітілген.
АЙМАН НИЯЗБЕКОВА, КӨЛІКТЕГІ СЭБД БАС МАМАНЫ:
— Алматы халықаралық әуежайында аса қауіпті инфекцияларға, карантинді инфекцияларға күдікті науқасты анықтау бойынша оқу-жаттығу өтті. Нәтижесі бойынша барлық қызмет жоғары деңгедегі дайындықты көрсетті.
Ел аумағында Нипах вирусын жұқтыру немесе елге әкелу жағдайы тіркелген жоқ. Алайда босаңсуға болмайды. Өйткені халықаралық әуе қатынасы – инфекцияның ең жылдам таралу жолы. Жыл басынан бері Үндістаннан елімізге 82 рейс келген. Дели, Мумбай, Гоадан 79 рейспен Алматыға 11 мыңға жуық жолаушы түссе, Астанаға ГОА-дан 515 адам ұшып келген. Туристерге қазір Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қыдырып баруды кейінге қалдыру кеңес етіледі.

ДАНИЕЛ СЕРЖАНҰЛЫ, «KAZAKH TOURISM» ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Үндістанға мейілінші бармау ұсынылып отыр. Бірақ егер бармауға болмайтын болса, түрлі гигиеналық және басқа шектеулерді сақтау керек. «Симптомдар болған жағдайда дәрігерге қаралсын», — деген сияқты министрлік ұсыныстарын айтып жатыр.

Нипах вирусы адамға жануардан, шошқа мен жарқанаттан жұғуы мүмкін. Ол адамнан адамға жұқтырылған тағам өнімдері арқылы да таралады. Ауру белгілері әртүрлі байқалуы мүмкін, кейде тіпті еш белгісіз өтуі де ықтимал. Алғашқы симптомдары – қызу көтерілуі, бас, бұлшықет ауыруы, құсу және тамақ ауруы. Қазір Нипах вирусына қарсы бекітілген дәрі немесе вакцина жоқ. Эпидемия қаупіне байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Нипах вирусын Covid-19 және Зика вирусымен қатар ең қауіпті он аурудың қатарына енгізген.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал