Ақпаннан бастап медициналық құжаттар тек ЭЦҚ арқылы рәсемделеді

Қазақстандық дәрігерлер әлеуметтік желіде тағы бір жаңашылдықты қызу талқылап жатыр. Ақпан айынан бастап барлық медициналық құжат электронды цифрлық қолтаңбамен міндетті түрде рәсімделуі тиіс. Еске салайық, жуырда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Денсаулық сақтау министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына өтті. Ендеше, бақылау өзгергенімен қордаланған мәселе шешіле ме?
Жаңа талап дәрігерлердің наразылығын туғызды. Себебі енді электронды цифрлық қолтаңба медицина қызметкерінің басты жұмыс құралына айналмақ. Талдау жасау, жолдама беру, скрининг жүргізу – барлығы ЭЦҚ арқылы расталуы керек. Бір науқасты қабылдауға бөлінетін уақыт бұрынғыша – небәрі 10 минут. Дәрігерлер осы қысқа уақытта науқасты қарап үлгермейміз деп ашынады. Мамандар мұндай цифрлық жүктеме медицинаның сапасын арттырмай, керісінше жұмысына кедергі келтірмек.

Айта кетейік, жаңа талап медициналық сақтандыру жүйесі қатаң сынға ұшырағаннан кейін енгізілді. Осы жағдайға байланысты Үкімет МӘМС жүйесін Денсаулық сақтау министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына беру жөнінде шешім қабылдады. Жалған қызмет, қордағы қыруар қаржы талан-таражға түсуі туралы даулы оқиғалардан кейін бұл қадам мемлекет бақылауына толық көшеді.

ДИДАР СМАҒҰЛОВ, САРАПШЫ:
— Өзгеріс тек Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы қаласа ғана болады. Себебі барлық бұйрық пен нұсқауларды министрлік шығарады. МӘМС өз бетімен ештеңе шеше алмайды. Егер министрлік жүйелі жұмыс атқармаса, ақша бұрынғыдай жымқырыла береді. Қор тек нормативтік актілерді іске асырады.

Сарапшылардың пікірінше, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында қысқа мерзімде бірнеше басшы ауысты. 2025 жылдың басында Әбілқайыр Ысқақов қызметінен етті, кейін Айдын Күлсейітов лауазымынан босатылды. Қор тарихында тіпті бұрынғы басшы Айбатыр Жұмағұловтың әйелі жұбайынан алған он екінші автокөлігін ашық мақтанып көрсеткенде, МӘМС тақырыбы тікелей Үкіметтің назарында болды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Соңғы уақытта Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төңірегінде түрлі пікір мен талқылау көбейді. Осыған байланысты қорға іскер, ашықтықты қамтамасыз ете алатын басқарушы қажет. Сонымен қатар Үкімет тарапынан қордың қызметіне жан-жақты талдау жасалып, тиімділігі мен нәтижесі нақты бағалануы тиіс.

МӘМС мәселесі бұрыннан бар. Сарапшылар нормативтік құжатқа терең аудит жүргізіп, төлем процестеріне қатаң бақылау орнату қажет деп есептейді. Әйтпесе кез келген реформа тек құжат жүзінде қала береді.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— МӘМС-тегі негізгі мәселе әдістемеде. Жүйенің моделі бірнеше рет өзгерді, қазір ол аралас форматта жұмыс істеп тұр. Мәселе тарифтерде, бұйрықтардың жиі өзгеруінде және толыққанды бірыңғай цифрлық жүйенің жоқтығында.

Ал қазақстандықтар үшін медициналық сақтандыру жүйесі әлі де қолжетімді әрі сапалы жүйеге айналған жоқ. Сарапшылар дәрігерлерге бақылауды күшейту мәселені шешпейді дейді. Сондықтан Face ID мен ЭЦҚ – тек формалды бақылау. Ал серверлік деңгейде ашықтық болмайынша, жалған есеп те, қаржы жымқыру да тоқтамайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал