Жаңаөзен қаласы маңындағы Қызылсай ауылында 43 жастағы ер адам әйелін пышақтап тастады. Жеті баланың анасы алған жарақаты салдарынан оқиға орнында тіл тартпастан кетті. Әйеліне суық қару сұғып алған азамат полицейлерге өзі хабар беріп, үйінен шығып кеткен.
Қанды қылмыс кеше кешкі уақытта кәмелет жасына толмаған балалардың көзінше болған. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары күдіктіні көшеден ұстаған. Отбасының көршілері бұрын-соңды жанжал болғанын естімедік деп отыр. «Алайда 44 жастағы Назгүл Ізбасарованың күліп жүргенін көрмедік», — дейді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жаға ұстатар жағдайға қызғаныш себеп болуы мүмкін.
АЙСӘУЛЕ ОҢАЙБАЕВА, ҚЫЗЫЛСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бұрын-соңды жанжалын, айқайын естіген жоқпыз. Бірақ күліп жүргенін көрмедім, үнемі тымсырайып, мұңға батып жүреді. Енді кішкентай ауыл болған соң бәрі естиді, қызғаныштан туындаған дүние дейді ғой.
Бүкіл ауыл осы оқиғадан соң есеңгіреп отыр. Көшеде мүлгіген тыныштық. Қылмыс болған үйде де адам қарасы көрінбейді. Ал полицияға осыған дейін бұл үйден шақырту түспеген екен.
МАҚСАТ САҒЫНОВ, ЖАҢАӨЗЕН ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Марқұмның жұбайы күдікті ретінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал отбасылық-тұрмыстық негізде туындаған. Аталған дерек бойынша полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғады.
Ерлі-зайыптының жеті баласы бар. Оның бесеуі кәмелет жасына толмаған, ең кіші баласы үш жаста екен. Үлкен екі қызы тұрмыста. Айта кетейік, бірнеше жыл отасқан ерінің қолынан қаза тапқан әйел ақпанның біріне жерленеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.