24 қаңтардан бері Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алты отырысы өтті. Содан бері бұл талқылаулар Ата Заңға енгізілетін өзгерістерге қатысты ұсыныстар айтылатын алаңға айналып үлгерді. Тақырыптардың ауқымы кеңейіп, мәні тереңдей түсті. Комиссия мүшелерінің пікірлері, ескертулері мен ұсынымдары ескерілді. Жаңа Конституция кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты.
Жалпы, Конституциялық комиссия көп өзгеріске жол ашқалы тұр. 7 саяси партия мен 16 қоғамдық ұйымдардан, сондай-ақ азаматтардан 600-ден астам өтініш түсті. Солардың негізінде Ата заңның 77 бабына өзгеріс енгізілетін біртұтас жоба таныстырылды. Бұл – Конституция мәтінінің шамамен 84 пайызын жаңарту деген сөз.
БАҚЫТ НҰРМҰХАНОВ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ
— Еліміздің құқықтық мәртебесі мен жалпы келбеті анықталды. Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танылады. Оның ең қымбат құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Сондықтан Конституция жобасында адамның жеке басына қол сұқпау, бала құқығын қорғау, отбасы институтын нығайтуға баса мән берілген. Тиісті нормалар көзделген.
ДИНАРА ЗӘКИЕВА, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ:
— Бұл норма қазақстандық қоғамның құндылықтарына негізделген және тұрақты дамуға мүдделі кез келген мемлекет үшін объективті қажеттілік. Некені міндетті түрде мемлекеттік тіркеу туралы талап балалардың құқықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Мен бұл норманы қолдаймын
Десе де ел тағдырын шешетін жиында жекелеген түзетулер жеткіліксіз деген пікір де айтылды. Жаңа Конституция қабылдау мәселесін қарастыру керек деген ұсыныс ортаға салынды.
МӘДИ МЫРЗАҒАРАЕВ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ:
— Жобаның алдын ала нұсқасы таныстырылды. Мен бұл өзгерістердің барлығын тереңнен зерделеп шықтым. Мұнда Конституцияның мазмұндық тұжырымдамасын өзгертуге бағытталған өзге де маңызды жаңалықтар аз емес. Олардың барлығы қоғамның бүгінгі сұранысына, заман талабына сай келеді. Осыған байланысты Конституциялық комиссия аясында жаңа Конституция мәселесін қарау орынды деп санаймын.
Бұл пікірді өзге қатысушылар да қолдады. Комиссия құрамында әкімдер де бар. Халықтың тынысымен һәм тұрмысымен етене таныс. Мысалы, Жеңіс Қасымбек Конституцияға «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» идеясын енгізу бастамасын көтерді.
ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ:
— Бұл бастама бірлік пен ынтымақтықты, этносаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі сақтаудың берік іргетасына айналады.
Конституциялық комиссия отырысы ұсыныс пен пікірге толы. Білім-ғылым, отбасы құндылығы, адвокатураның мәртебесі мен Заң шығарушы органның өкілеттігіне қатысты норма тыңғылықты талқыланды. Құрылтай мен Халық Кеңесі құрылымы да пысықталды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.