Кептеліспен жол-көлік апаты кезінде полицияны сағаттап күту ірі қалалар үшін үйреншікті жағдайға айналды. Ал бүгінде елімізде автокөлік саны 6,7 миллионға жуықтаған. Салдарынан жолдағы жүктеме уақыт өткен сайын артуда. Сондықтан кішігірім жол апаттарын жылдам рәсімдеп, қозғалысты жеңілдету үшін Қазақстанда Еурохаттаманың цифрлық механизмі енгізілді.
Қазақстанда Еурохаттама екі жылдан астам уақыт қолданыста. 2024 жылдың қаңтарынан бастап Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бастамасымен жүргізушілер жол апатын мобильді қосымша арқылы полиция шақырмай және сотқа жүгінбей-ақ рәсімдей алады. Бір жылдың ішінде 15 мыңнан астам апат тіркеліп, сақтандыру төлемі 2,3 миллиард теңгеден асты. Орташа өтемақы алу мерзімі – 17 күн. Бұл процестің артында заманауи цифрлық жүйе тұр. Өтінімдерді жылдам өңдеу және алаяқтықтың алдын алу үшін Freedom Insurance компаниясы жасанды интеллект алгоритмдерін пайдаланады.
БАЛҒЫН МАХАМБЕТОВА, FREEDOM INSURANCE КОМПАНИЯСЫҢ САРАПШЫСЫ:
— Өтінім түскеннен кейін сақтандыру компаниялары оны өңдеу барысында жасанды интеллектіні қолданады. Ол алаяқтық па, жоқ па, яғни фотосуреттердің шынайылығын анықтайды. Жүйе PDF-құжаттарды да зерттейді. Сондай-ақ қазір Қазақстанда шығын көлемін сурет арқылы есептейтін сервистер бар. Осының арқасында тексеру актісі бірден дайындалады.
Нәтижесінде, қағазбастылық азаяды. Бұл жүргізушілер үшін тиімді. Бастысы, көліктер жолда ұзақ тұрмайды. Демек, кептелісте азаяды. Еурохаттаманың тиімділігін судьялар да мойындап отыр. Мәселен, Астанада әкімшілік сот, жол полициясы және сақтандыру компаниялары бірлесіп «Сотсыз және полициясыз Еурохаттама» жобасын қолға алды.
ҰЛДАНА СҮЛЕЙМЕНОВА, ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ЖӨНІНДЕГІ СОТ СУДЬЯСЫ:
— 2023 жылы сотта 18 мыңнан астам іс даусыз қаралды. Ал Еурохаттама енгізілгеннен кейін небәрі жарты жылдың ішінде сот жүктемесі 10 процентке азайды. Ал былтыр 15 777 істің 54 пайызы, яғни 8 мыңнан астамы Еуропротокол аясында өтті. Нәтижесінде, 15 мың істің 7 мыңға жуығы сотта даусыз іс ретінде қаралды.
Бүгінде Астанада жол апаттарының жартысынан астамы осы жүйе арқылы рәсімделеді. Мамандардың сөзінше, бұл жүргізушілердің құқықтық мәдениетінің артқанын көрсетеді. Сақтандыру компаниялары төлем лимитін 100-ден 200 АЕК-ке дейін арттыруды ұсынып отыр. Себебі Еурохаттама технология мен жасанды интеллекттінің көмегімен мәселелерді тез әрі тиімді шешудің нақты үлгісіне айналды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.