Жамбыл облысының тұрғыны өз үйінде көне бұйымдар музейін ашты. Үлгілі ауылында тұратын 65 жастағы Әлімаш Теміржанова 500-ге жуық жәдігер жинаған. Бұл бұйымдарды кезінде оның туыстары пайдаланған екен. Үйдің жертөлесінде тігін машиналары, самаурындар, шабадандар, керосин шамдары мен өзге де тұрмыстық ыдыстар бар. Барлығы өткен ғасырда кеңінен қолданылған. Құнды жәдігерлердің бірі – жүз жылдық тарихы бар, жарма түюге арналған келі. Сондай-ақ мұнда ескі бақша құралдары, көне дән үккіш, ер-тоқым мен арба дөңгелектері де сақталған. Әлімаш әже өз әжесінен қалған 100 жыл бұрынғы кимешекті ерекше қастерлейді. Мұражайға жергілікті мектеп оқушылары жиі келеді. Үй иесі оларға әрбір бұйымның тарихын қызыға әңгімелеп береді.
ӘЛИМАШ ТЕМІРЖАНОВА, ҮЛГІЛІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Ішінде ең көне заттарым – қайын атамның арбасының дөңгелектері қалған. Жүгені, ер тоқымы бар. Енемнің енесінің келі сабы бар. Енемнің өзінікі бар. Оқтау, тақтайы бар. 1909 жылғы заттар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.