Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде оқыс оқиға болды. Көпқабатты үйдің қасбетінің бір бөлігі аулада тұрған автокөліктің үстіне түскен. Соққының қатты болғаны сонша, көліктің төбесі тесіліп қалған. Ал көліктің ішінде балалы отбасы отырған. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Енді тұрғындар үйден шығуға қорқып отыр.
Төтенше оқиға таңертең шамамен сағат 9-дар кезінде болған. Көпқабатты үйдің қасбетінің бір бөлігі сырылып, көліктің үстіне түскен. Соққының қатты болғаны сонша, төбесі тесіліп қалған. Сол сәтте көлік ішінде ерлі-зайыпты мен олардың кішкентай баласы болған. Куәгерлердің айтуынша, биіктегі зат бірнеше сантиметр әрі түскенде қайғылы жағдайға әкеп соғар еді. Қуанышқа орай, көліктегілер дін аман.
ДИНАРА ТОҒЫЗБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Шатырдан, нақтырақ айтқанда, үйдің қасбетінен плитка тұтасымен ұшып түсті. Ол кондиционерге соғылып, кері серпіліп, мына көліктің төбесіне үшкір жағымен кіріп кеткен. Көліктің ішінде әке-шешесі мен кішкентай бала болған. Плитка қайта жүргізуші мен жолаушы орындықтарының ортасына түскен. Әйтпесе қайғылы аяқталар еді.
Тұрғындардың айтуынша, олар қазір аулаға шығуға қорқады. Себебі бұған дейін де бірнеше рет қасбеттің сынықтары құлаған. Әсіресе жаяу жүргіншілер жолына түсетіні алаңдатады. Ол жолмен күн сайын зейнеткерлер мен балалар жүреді.
ДИНАРА ТОҒЫЗБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бұл алғашқы жағдай емес. Біздің үй 2010 жылдан бастап тапсырылған. Құрылыс бірнеше жылға созылып, әртүрлі компания салған. Мүлік иелері бірлестігі қазір қасбетті өз күшімен ауыстыра алмай отыр. Себебі сәулетшілермен, мемлекеттік құрылысты бақылаушылармен, әкімдікпен келісу керек. Бұған дейін біз үйдің қасбеті түскен сайын бір-бірлеп ауыстырып отырдық. Бірақ соның өзіне көп ақша төлейміз.
Мүлік иелері бірлестігі қасбет тұрақты түрде тексерілетінін, ал қауіпті аумақтар кәсіби альпинистердің көмегімен бекітілетінін растады. Алайда бұл – уақытша шара. Қаптаманы толық ауыстыру өте үлкен шығынды қажет етеді, оны тұрғындардың қалтасы көтермейді. Мұндай жағдайда бүлінген мүлікке кім жауап береді деп заңгерден сұрадық.
РУСЛАН ҚОЖАХМЕТ, ЗАҢГЕР:
— Мұндай жағдайда алдымен полиция қызметкерін шақыру керек. Ол оқиғаны тіркеп, қаптама құлаған ғимараттың меншік иесін анықтайды. Содан кейін көлік иесі келтірілген шығынды бағалатып, сотқа дейінгі талап жолдауы тиіс. Егер меншік иесінде ерікті сақтандыру шарты болса, сол сақтандыру бұл шығынды өтей алады, кейін сақтандыру компаниясы өтемақыны кінәлі тараптан өндіріп алады.
Бүгінгі оқиғаға оралсақ, көлік иесі төбесі тесіліп, елеулі зақым келгеніне қарамастан, ешкімге шағымы жоқ екенін айтты. Алайда мұндағы жұрт бүгін көлік, ертең адам жапа шегуі мүмкін деп алаңдайды. Бұл жағдайға қатысты Алматы қаласы әкімдігінен де түсініктеме сұрадық.
Тұрғындар қазір жоғарыдан шыққан әр дыбыстан секем алып, алаң күйде өмір сүріп жатыр. Жұртты тұрғын үй кешеніндегі қауіпсіздікке кім жауап береді және мәселені шешу үшін міндетті түрде қайғылы жағдай болуы керек пе деген заңды сұрақ мазалайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.