Зорлық-зомбылық көрген 1800 әйел арнайы орталықтарда бас сауғалаған

Қазір қоғамда зорлық-зомбылық азаймай тұр. Әсіресе отбасында қорлық көргендер көп. Былтыр 1800 әйел 364 баласымен арнайы орталықтарда бас сауғалаған. Мәселені біржола шешудің жолы бар ма? Қорғансыздың күйін кешкен әйелдің келешегі не болмақ? Жұдырығы жуан ер азаматтар бала-шағасына қорған болуды ар санайтын болған ба?
Бұл келіншек шиеттей 3 баласымен дағдарыс орталығын паналап отыр. Күйеуімен 5 жыл отасып, жасаған қорлығына шыдап, таяқтан көз ашпаса да отбасын сақтағысы келгенін айтады. «Бірақ болмады», — дейді. Өзіне ғана емес, балаларына да әңгіртаяқ ойнататын әкенің барынан жоғы жақсы деп қашып құтылған.

АННА РЫЛЬ, ӘЙЕЛДЕР МЕН БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары әсіресе балаларды мүгедектікке әкеледі. Кекеш болып қалу, дәретін ұстай алмау, дамымай қалуы жиі кездеседі. Біздің орталыққа тіпті екіқабат кезінде де соққы көретін әйелдер келеді. Өкінішке қарай, барлық өңірде мұндай орталық жоқ. Дегенмен қай жақтан хабарласса да, қолымыздан келген көмекті аямаймыз. Полицияға жетіп, қолдау табылғанша байланысты үзбейтін кезіміз болады.

Қазір осындай 65 дағдарыс орталығы жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы еліміз бойынша 9,3 мыңнан астам азамат көмекке жүгінген. Оның ішінде 1 800-ден астам әйел 364 баласымен орталықтарға орналастырылған.
Сонымен қатар полиция тарапынан 7 мыңға жуық азаматқа заңгерлік кеңес көрсетілген. Әлі де әлсіздердің зорлық-зомбылыққа ұшырауы, қол аяғы сынып, кемтар болып қалу, өлім-жітім жағдайлары азаяр емес.

АЛМАГҮЛ ЕСМАҒҰЛОВА, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ПД БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
— Астана бойынша 102 арнасына тәуекел ортада 30-40 шағым хабарлама түседі. Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша қоңырау шалғандар тек әйелдер емес, көбіне балалар, көршілер мен туыстар да жанжалға куәгер болған жағдайда хабарласады.

Қазақстанда қандай да бір қиын жағдайға тап болғанда, полицияға жасырын хабар беру үшін арнайы кодталған сөз жоқ екен. Мәселен, шетелде «Пиццаға тапсырыс бергім келеді» деп белгі айтуға болады. Ал әзірге біздің білетініміз – халықаралық көмек сұрау белгісі ғана. Бас бармағыңды бүгіп, алақаныңды ашып-жұмасың. Оның өзі көпшілік орында болған кезде. Біз дәл осы жағдайға байланысты әлеуметтік эксперимент жасап көрдік. Алайда әрлі-берлі өткен адамдар бізді бірден түсінген жоқ. Дегенмен көмекке ұмтылғандар табылды.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Бұл жай ғана эксперимент болатын. Жаңа ғана өздеріңіз көрдіңіздер, ер адам жұлқылап әкетіп бара жатқан қыз қолын көтеріп бас бармағын жауып, алақанын қайта-қайта ашып-жапқан кезде оны түсініп көмекке келгендер болды. Яғни астаналықтар бұл халықаралық көмек сұрау белгісін білетін болып шықты.

Ал әзірге елімізде 102-ден басқа 150, 111 байланыс нөмірлері арқылы қолдау орталықтарына хабарласуға болады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал