Көктемгі тасқынға байланысты алғашқы гидрологиялық болжам жасалды

Көктемгі тасқынға байланысты алғашқы гидрологиялық болжам жасалды. Әзірге Солтүстікте түскен қардың мөлшері жылдағы нормадан аз. Бірақ Есіл өзені бойындағы елді мекендерге қауіп төніп тұр. Синоптиктер: «Ақпан-наурыз айлары жауын-шашынды болады», — дейді. Осыған байланысты өңірдегі 112 ауылда бақылау күшейтілді.
Еліміздің солтүстігінде гидрологтардың жұмысы қызды. Қазір олар өңірдегі елдімекендерді аралап, қардың қалыңдығы мен тығыздығын өлшеп жүр. Мамандардың айтуынша, әзірге аймақта ақ ұлпа жылдағыдан аз түскен. «Бірақ, босаңсуға болмайды», — дейді олар.

ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК СҚОФ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Бірінші ақпанға дейін жүргізілген болжамға сәйкес, облыс бойынша қардағы ылғал қоры нормадан 26-40 процентке төмен. Ал тоңның қатуы былтырғы жылмен салыстырсақ, кей жерлерде керісінше 12-67 сантимертрге көп. Сондықтан Ғабит Мүсірепов, Шал ақын, Есіл және Қызылжар ауданымен Петропавл қаласында тасқын болу қаупі тым жоғары.

Синоптиктердің мәліметінше, ақпан және наурыз айлары жауынды-шашынды болады. Сондықтан қазірдің өзінде 112 ауылға қауіп төніп тұр. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары олардың барлығын бақылауға алып, дайындықты бастады. Айта кету керек, бұл елдімекендерде бүгінде жеті мыңға жуық адам тұрып жатыр.

ЖАНАТ МҰХАМЕДҚАЛИЕВ, ТЖД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— Тасқынға дайындық пысықталуда. Өңірде арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Төтенше жағдайлар департаментімен жергілікті атқарушы органдардың техникаларымен күш құрылымдары жасақталды. Енді наурыз айының үшінші он күндігінде облыста арнайы жедел әрекет ету штабы жасақталады.

Ал жалпы сыйымдылығы 700 миллион текше метр болатын өңірдегі ең ірі «Сергеев» су қоймасы 99% толған. Қазір аймақта 27 гидрологиялық бекет жұмыс істеп тұр. Енді мамандар Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығы мен ағыс жылдамдығын өлшейді. Осылайша, көктемгі тасқынға қатысты нақты әрі соңғы болжам наурыз айында жасалмақ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал