2 ақпан – Ұлттық басылым күні

Бүгін – Ұлттық басылым күні. Осы атаулы күнмен Президент Қазақстан журналистерін құттықтады. Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары Әділетті Қазақстанды құруға және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға елеулі үлес қосып келеді деді. Мерзімді баспасөз өкілдерін конституциялық реформаны, тұтас мемлекеттік жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ауқымды өзгерістерді БАҚ-та жариялау кезінде конструктивті жұмыс істеуге үндеді. Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында патриотизм ұғымына жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарап, заңды құрметтеу арқылы егемендігімізді және тәуелсіздігімізді қорғау ұлты мен дініне қарамастан әрбір отандасымыздың міндеті екенін айтты. Бүгінде отандық басылымдар заман талабына сай дамып, ақпарат кеңістігін кеңейтіп келеді. 1991 жылы, елімізде бар-жоғы 10 республикалық газет пен журнал шықса, биылғы жылғы қаңтар айындағы дерекке сәйкес, Қазақстанда 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген. Оның ішінде 3 мыңнан астамы – мерзімді басылым.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал