Қазақстандық туристер демалыс бағыттарын таңдауда жаңа үрдістерге бет бұра бастады. Бұрын ең көп сұранысқа ие болған Дубай мен Египетке қызығушылық біртіндеп төмендеп келеді. Туризм нарығында бүгінде қай мемлекеттер алдыңғы қатарға шықты?
Былтыр 184 620 отандасымыз демалысын Түркия жағалауында өткізген. Сонымен қатар туристік нарықта жаңа бағыттар да алдыңғы қатарға шыға бастады. Биылғы жылдың басты трендіне айналған Вьетнам танымалдылық бойынша 2-орынға көтерілді. Аталған елге 73 442 қазақстандық сапарлаған. Осылайша, Вьетнам бұрын алдыңғы орында болған Мысырды артта қалдырды. Бұл мемлекетке 62 412 турист барған. Бұл елдер қазақстандықтарды экзотикалық табиғатымен баурап алған.
ДАНАРА СЕРІКҚЫЗЫ, ТУРИСТІК ФИРМА САТУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Таиландты бәрі біледі. Ал Вьетнамға былтыр жаздан бастап Дананг бағыты ашылды. Қазір Дананг – өте танымал курорт. Нячанг, Фукок бағыттарына да сұраныс жоғары. Қазір ол жақтағы отельдердің көбі толық. Күніне 20-30 турист ұшып жатыр. Сонымен қатар Тайланд пен Хайнань да көш бастап тұр.
Мәселен, қаладағы туристік фирмалардың бірі былтыр 7 мыңға жуық қазақстандықты шетелге демалуға жіберген. Оның дені Вьетнам-Тайланд елдеріне тиесілі. Сарапшылардың айтуынша, туризм саласындағы бәсеке күшейген сайын турист жай ғана демалушы емес, ел экономикасы үшін негізгі табыс көзіне айналып отыр. Сондықтан көптеген мемлекет турист тарту үшін жарнамаға қомақты қаржы бөліп жатыр.
ДАНИЕЛ СЕРЖАНҰЛЫ, «KAZAKH TOURISM» ҰҚ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
-Турист бір жарнама арқылы ғана келмейді. Ол – бірнеше тәсілдің қосындысы. Бір туристі тарту үшін кем дегенде 10 контакт қажет. Ол әлеуметтік желіден көреді, әуе компаниясынан байқайды, банк қосымшасынан ақпарат алады. Бір роликтен қанша турист келетінін нақты айту қиын.
Мәселен, Араб Әмірліктері мен Түркия жыл сайын туризмді жарнамалауға 200-300 миллион доллар жұмсайды. Көрші Әзербайжан – 30 миллион, Өзбекстан 10 миллион доллар бөледі. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 1 миллион доллар шамасында. Мамандардың айтуынша, бұл толыққанды бәсекеге жеткіліксіз. Дегенмен ішкі туризмге бұдан сұраныс төмендемеген.
ДАНИЕЛ СЕРЖАНҰЛЫ, «KAZAKH TOURISM» ҰҚ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Шетелге шығатын қазақстандықтардың саны жыл сайын артып келеді. Бірақ оны ішкі туризммен салыстыруға келмейді. Айырмашылық өте үлкен. Мысалы, шетелге турпакетпен шығатындар – шамамен 1,5 миллион адам. Ал ішкі туристердің саны 10 миллионнан асады».
Мамандар соңғы жылдары қазақстандықтардың шетелге шығу белсенділігі артқанын айтады. Туристер бұрынғыға қарағанда жаңа бағыттарды таңдаудан еш тартынбай, өзге елдердің мәдениетін зерттеуге көптеп көңіл бөле бастаған. Ал бұл туристік нарықтағы бәсекенің күшеюіне ықпал етіп отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.