Түркістанда шахмат турнирі мәресіне жетті. 10 күнге созылған бәсекеге еліміздің 20 өңірінен барған 1000-нан аса зияткер ел чемпиондарын анықтады. Сонымен қатар жарыс қорытындысы бойынша әлемдік жарыстарға баратын Қазақстан құрамасы жасақталмақ.
Ел біріншілігінің екі дүркін чемпионы Әсия Асылхан Түркістанда өткен турнирде тағы да топ жарды. Алтын медаль үшін күресте 9 қарсыласты тізе бүктірді. Әсияның айтуынша, жарысқа жиналғандардың бәрі – «сен тұр, мен атайын». Әсіресе астаналық шахматшыға қарсы кездесу қиын болған. Соған қарамастан асығы алшысынан түсіпті.
ӘСИЯ АСЫЛХАН, ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:
— Үшінші турда мен Астананың қызымен ойнадым. Біз 4,5-5 сағат ойнадық. Ол қыз өте қатты талпынды. Жақсы ойнады. Бірақ соңында қателесіп кетті. Мен ұтып кеттім.
16 жастағы бойжеткендер арасында чемпион атанған бұрымды енді Италияда өтетін додаға дайындалады. Ал 14 жаста бола тұра 18-дегілермен шеберлік байқасқан Айару Алтынбек бұл біріншілікте күміс медаль еншіледі. Жарыс жеңімпазы атану үшін бар күш-жігерін салғанымен, аз ғана басымдықпен Алматының қызы жеңісті жұлып әкеткен.
АЙАРУ АЛТЫНБЕК, ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ:
— 9-турдан кейін екеуміздің ұпайымыз бірдей болып қалды. Бірақ ол қосымша коэффициентпен менен 0,5 балға озып кетті.
Алда әлі талай жарыс бар. Федерация өкілдері солай дейді.
ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА, ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— 6 сәуірде Алматыда мектеп оқушылары ойнайтын Азия чемпионаты болады. Ол жерден 30-дан астам мемлекеттен бүлдіршіндер келетін болады. Ең ірі жарысымыз – осы жылдың тамыз айында Алматыда университеттердің арасындағы әлем біріншілігі. Ол жерде Оксфорд, Гарвард, МИТ секілді университеттерден қатысушылар келеді.
Айта кетейік, жыл басында киелі Түркістанда өткен турнир қорытындысы бойынша командалық есепте Астана қаласының ұжымы көш бастады. Алматы қаласының шахматшылары екінші орыннан табылса, үздік үштікті түркістандық ойыншылар түйіндеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.