Бүгін Астана қаласы мәслихатының депутаттары жаңа Конституция жобасын талқылады. Жобаның негізгі ережелерін саралаған мамандар өз пікірлерін де ортаға салып, ой бөлісті. Жиынға біздің тілшіміз Гүлвира Сейтен де қатысқан еді. Гүлвира сіз тікелей эфирдесіз.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН — ТІЛШІ
Жаңа конституцияның жоба мәтіні сенбі күні таңертең жарияланды. Ол Преамбуладан, 11 бөлім және 95 баптан тұрады. Астана мәслихатының депутаттары жоба мәтінін толық оқып шықтық дейді. Бүгін талқылаймыз, ұсыныс айтамыз деп жиналды. Талқылады деген аты болмаса, депутаттар тек жоба мәтінін мазмұндап берді десем болады. Бір депутат құжаттың адам құқығына қатысты тұсына тоқталса, екіншісі Құрылтай қалай жұмыс істейтінін айтты. Бірақ, құжаттың осы тұсымен келіспеймін немесе мынадай ұсынысым бар деген ешбір депутат болған жоқ. Қанат Естек мәслихат отырысында айтпаған ұсынысын бізге айтты. Тыңдайық.
ҚАНАТ ЕСТЕК — МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
— Бұл конституцияны мен оқып шықтым, келіспейтін немесе толықтыру керек дегенді таба алмадым. Қазақстан азаматы ретінде пікірім бар, Парламентті құрылтай деп өзгертіп жатсақ, конституцияны Ата заң деп өзгертсе қалай болады, орыс тілінде де Ата заң, басқа тілде Ата заң десек, басқаларынан таба алмадым.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН — ТІЛШІ
Депутаттар құжат мәтінін әрқайсымыз өз ұжымымызда талқылаймыз деп тарқасты. Конституцияның жаңа мәтінінде адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалды. Бірлік, ұлтаралық және дінаралық келісім елдің іргетасы деп танылып, тәуелсіздік пен аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылық ретінде бекітілді. Сондай-ақ Әділеттілік, Заң мен Тәртіп қағидаттары Конституция деңгейіне көтерілді. Биліктің бірден-бір қайнар көзі – Қазақстан халқы екені нақты жазылды. Ал мемлекеттің болашағы енді жер қойнауымен емес, білімді, цифрлы құқықтары қорғалған азаматтарымен өлшенбек. Ғани сөз сізде.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.