Әкесі мас күйіндегі 3 жасар қызын өлімші етіп сабаған

Араққа тойып алып, ақылынан адасқан әке, көкала қойдай болып таяқ жеген бала. Кеше Жамбыл облысында анасы өз баласын аяусыз сабағанын айтқан едік. Енді әке өз баласын өзекке тепті. Жетісу облысында жантүршігерлік жағдай болды. Қазір бүлдіршін ауруханада. Ал үш жасар қызын өлімші етіп сабаған адам қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Желіде тараған бейнежазбада үш жасар бүлдіршіннің шыңғырып жылаған дауысы жан түршіктіреді. Денесі көгеріп, сау жері қалмаған. Баланы туған әкесі аяусыз соққыға жыққан. Оқиғадан кейін бала шұғыл түрде облыстық ауруханаға жеткізілген. Қазір ол қажет ем-дом алып жатыр.

ЕРМЕК МОЛДАҚҰЛҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:
— Баланың денсаулығын дәрігерлер бірқалыпты деп отыр. Әрі қарай дәрігерлердің бақылауында болады. Әкелік құқығынан айыру, шектеу туралы ұсыныс беріледі. Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясы қарайды. Ұсыным сотқа жолданады. Шешімді сот қабылдайды.

Жәбірленген баланың бұған дейін де ауыр сырқаты болған. Қайырымдылық қорының қызметкері Екатерина Доброва екі жыл бұрын кішкентай Ақжардың бауырын ауыстыру үшін қаражат жиналғанын айтады. Қор өкілдері баланың ем-домға мұқтаж екенін біліп, кейін отбасымен байланысқа шыққан. Алайда әкесі қызын емдетуге ниет білдірмей, керісінше медициналық көмек көрсетуге кедергі келтірген.

ЕКАТЕРИНА ДОБРОВА, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Алғашында әкесі алғысын білдірді. Бірақ кейін хабарласып, қоқан-лоқы көрсете бастады. Ішімдікке әуес екенін түсіндік. Баланың анасын алғаш көргенде, оның қатты күйзелісте жүргенін байқадым. Сол кезде ол күйеуімен бірге тұрмайтынын айтты. Кейін анасы мен бала Түркияға барып, ем қабылдады. Операцияға шамамен 50 мың АҚШ доллары жұмсалған. Қазақстанда олар жатақханада тұрған. Күйеуі олардың мекен жайын біліп, әйелін де, баласын да соққыға жыққан.

Аталған оқиғадан кейін күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мәліметінше, ер адам баласы мен әйелін ұрған сәтте мас болған. Енді ол 10 жылға сотталуы мүмкін.

РУСЛАН ЧАРАПИЕВ, ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 102 арнасына медициналық мекемеден 3 жасар баланың зорлық-зомбылық белгілері бар дене жарақатымен жеткізілгені туралы хабарлама түсті. Аталған дерек бойынша «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері баланың әкесін тұрғылықты мекенжайы бойынша алкогольдік масаң күйде ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.

Балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне Мәжіліс депутаттары да алаңдаулы. Халық қалаулысының айтуынша, оны тек жазалау арқылы шешу мүмкін емес. «Бұл – отбасы институтының әлсіреп бара жатқанының көрінісі», — дейді депутат Олжас Құспеков.

ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бұл жанұя институтының құлдырап бара жатқанын көрсетеді. Тек жазамен бұл сұрақты шеше алмаймыз. Үйдегі тәртіп, анаға, балаға деген қарым-қатынас – барлығын түзету керек.

Жетісу облысының балалар құқықтары жөніндегі уәкілі өңірде зорлық-зомбылық деректері азаймай отырғанын растайды. Еске салсақ, осыдан екі апта бұрын бұл облыста тағы бір ата-ана өз баласын батареяға байлап, тепкілеп ұрған. Жантүршігерлің бейнежазба желіде тарады. Мамандардың айтуынша, мектептерде менторлар мен психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Алайда соған қарамастан, балаларға қатысты қатыгездік тоқтар емес. Сарапшылар қабылданып жатқан шаралардың әзірге нақты нәтиже бермей отырғанын айтып отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал