Әскери ЖОО-ға құжат тапсырудың цифрлық механизмі іске қосылды

Әскери оқу орнына түсем деушілерге жақсы жаңалық. Енді болашақ офицерлер мен сержанттар құжат жинап, табалдырық тоздырмайды. Қорғаныс министрлігі әскери жоғары оқу орындарына қабылдаудың толық цифрлық механизмін іске қосты. Әскери оқуға 18 бен 24 жас аралығындағы жігіттер түсе алады. Өтініштер eGov.kz порталы арқылы қабылданып жатыр. Соңғы күн – 10 маусым. Үміткерлер авторизациядан өтіп, «Азаматтарға» – «Әскери есеп және қауіпсіздік» – «Әскери қызмет» бөлімдері арқылы арнайы қызметті таңдайды. Электронды формада негізгі деректер көрсетіліп, оқу орны таңдалады. Өтініш цифрлық қолтаңбамен расталады. Жаңа жүйе үміткер туралы мәліметтерді автоматты түрде тексереді. Психоневрологиялық, наркологиялық, туберкулез диспансерлерінен деректер, соттылық пен мүгедектік мәртебесі жүйе арқылы сұратылады. Ал жеке куәлік, білім туралы мәліметтер мен ҰБТ нәтижелері мемлекеттік базадан үміткердің қатысуынсыз-ақ алынады.
РҮСТЕМ ТӨЛЕГЕНОВ, ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА ОФИЦЕРІ:
— Азаматтар бұрынғыдай қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге немесе медициналық бөлімдерге барып, анықтама жинап жүрмейді. eGov.kz порталы арқылы өтініш білдіріп, сол жерден барлық керек мәлімет пен анықтамалар жинақталады. Оқу орнына өтті ме немесе өтпеген себептері көрсетіліп, ұялы телефонына хабар келеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал